Halyq Uni логотип
×

«Жасы 16-17-ден басталады»: елімізде құлдыққа сатылған 90 адамның 75-і – әйел

Бізде адам саудасының ішкі трафигі көбірек проблемалы деп есептеледі

 Еркеғали Болатұлы 31.05.2023 | 17:58
«Жасы 16-17-ден басталады»: елімізде құлдыққа сатылған 90 адамның 75-і – әйел
фото: ашық дереккөз

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Шынар Көшербаева Қазақстан аумағында жыл сайын құлдыққа сатылатын 90 адамның 75-і – әйелдер екенін айтты.

Адам саудасының гендерлік сипатына тоқталсақ, бізде жыныстық қанау фактілері басым. Жыл сайын адам саудасының 90 құрбаны анықталатын болса, соның 75-і – әйел. Мәжбүрлі еңбекке тартылатын ер адамдардың саны 10-ға дейін. Адам саудасының құрбаны болған ерлердің жасы 18-ден 70-ке дейін. Практикалық талдауға сүйенсек, оларды еңбек құлдығына тартады, - деді ол бүгін Мәжілісте заң жобасын талқылау кезінде.

Сонымен қатар, әйелдер арасында кәмелетке толмағандарды адам саудасына салу жиі кездеседі. Олардың жасы 16-17-ден басталады. Жыныстық қанауға түскендердің жасы 40-қа дейін барады. Ал еңбек құлдығына тартылған әйелдердің жасы – 50-ге дейін.

Шынар Көшербаеваның айтуынша, Қазақстан аумағында құлдыққа сатылатындардың басым бөлігі – өз отандастарымыз.

Қазақстан аумағында адам саудасына Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтары тартылады. Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары көп ұшырасады. Ресей азаматтарын қанау фактілері де болды. Дегенмен адам саудасына ұшырайтындардың 80 пайызы – Қазақстан азаматтары. Бізде адам саудасының ішкі трафигі көбірек проблемалы деп есептеледі, - деді ІІМ өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама