«Кезекші жаңа жыл тойлауға кеткен». Атырауда екі дәрігер адам өліміне кінәлі деп айыпталып отыр
Аурухана қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды
Құрманғазы аудандық сотында жергілікті аурухана екі дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Олар ауруханада көз жұмған науқастың өліміне кінәлі деп айыпталып отыр.
Былтыр 1 қаңтарда Құрманғазы аудандық ауруханасында 44 жастағы жергілікті тұрғын Бекдидар Көргеналиев қайтыс болды. Ол 2020 жылдың 29 желтоқсанында ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оған пневмония деген диагноз қойған. Қылмыстық іс материалдары бойынша оған жаңа жыл кезіндегі қарбаласта ешкім қарамаған деген тұжырым жасалып отыр. Туыстары оны облыстық ауруханаға жібермек болған. Алайда дәрігерлер науқасты аудандық ауруханада қалдыруға көндірген.
Арада екі күн өткен соң Көргеналиевтің халі нашарлап, қозғала алмай қалады. Туыстарының айтуынша, оған ешқандай дәрі бермеген, ал оның емдеуші дәрігері үйіне жаңа жылды қарсы алуға (кезекшілік түні) кетіп қалған.
Осылайша, дәрігерлер емес, марқұмның туыстары шақыртқан санавиация келгенше Көргеналиев ауруханада қайтыс болды.
Көргеналиев көз жұмған соң оған «U07.1 ауыр деңгейдегі Covid-19 инфекциясы, бүйректің жіті жетіспеушілігі» деген диагноз қойылды.
Туыстары аудандық аурухананың анестезиологы мен хирургының үстінен құзырлы органдарға арыз жазды. Арыз негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі («Медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауынан адам өлiмiне әкеп соғуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергелді және сотқа жолданды.
Айтпақшы, кейінірек бұл аурухананың директоры «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» және «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» баптары бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.