Жыл басынан бері есірткіге қарсы 79 арнайы операция өткізілді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі тасымалының арналары мен таралу жолдарына тосқауыл қою бойынша жыл басынан бері есірткіге қарсы 79 операция өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бірқатар операция Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Индонезия, АҚШ және Австралияның құзыретті органдарымен бірге жүргізілген. Атап айтқанда, 14 халықаралық және 19 өңірлік есірткі трафиктерінің арналары жойылды.
Заңсыз айналымнан 671,1 келі психотроптық заттар (оның ішінде 176 «LSD» және «MDMA» таблеткалары), 11 келі героин, 57,8 келі апиын, 164,6 келі гашиш, 590,6 келі марихуана, 100 метадон таблеткасы, 21 тоннадан аса көкнәр шикізаты, сондай-ақ 44,8 тоннадан аса химиялық реагенттер алынды.
Психотроптық заттар өндіретін 17 ірі жасырын цехтың жұмысы тоқтатылып, 440 келі «синтетика» тәркіленді.
Тек соңғы айда 3 халықаралық және 2 өңірлік есірткі арналарының жолы кесілді. Бір есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 368,8 келі есірткі және 500 келі химиялық прекурсорлар алынды.