Саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығына 715 мыңға жуық іс беріледі

Дәурен Ерболат

«Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдық баспаға дайындалып жатыр

Фото: Telegram/Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы орталықта құжаттарды сақтау шартымен, мұрағат құжаттарын қалпына келтіру және микрофильмдеу кабинеттерінің жұмысымен танысты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар бойынша жүргізілген жұмыстардың экспозициясы көрсетілді.

Президенттің Жарлығымен 2020 жылғы қарашада ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды.

Мемлекеттік комиссияның жұмысына қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылды. ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар орталыққа ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратураның арнаулы мұрағаттарынан беріледі. Орталық таяу уақытта барлығы 715 мыңға жуық істі қабылдап алады деп жоспарланып отыр. Мұнда құжаттарды құпиясыздандыру, қалпына келтіру жұмыстары іске асады. Оларды зерттеу және ғылыми айналымға енгізу үшін тиісті жағдай жасалған, - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде тарихшы-ғалымдар мен орталық қызметкерлері «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдықты баспаға дайындап жатыр. Бұл басылым ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихының ғылыми көкжиегін кеңейтеді.

Жалпы, орталық қорында 1 млн 132 мың іс сақталған.