Бауыржан Дәуітбаевтың із-түзсіз жоғалғанына 8 айға жуықтады
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Тараз маңындағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жұмыстары неге ұзаққа созылып кеткеніне жауап берді.
Министрдің айтуынша, із-түзсіз жоғалған әскериді іздестіруге Қорғаныс министрлігінің бөлек Ішкі істер органдары да жұмылдырылған.
«Егер ол жарылыс эпицентрінде болған болса, ол жерде әскеридің жұрнағы да қалмауы мүмкін. Бұл бойынша алаңдаушылық барын түсінемін. Қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Атқарылатын жұмыс көп. Мен із-түзсіз жоғалған әскеридің отбасын түсінемін, біз оларға өлді деп тануды ұсындық. Содан кейін әлеуметтік төлемдер, Қарулы күштерден төлемдер болатынын айттық. Әскериді іздеу жұмыстары жалғаса береді», - деді Қорғаныс министрі.
Еске салайық, 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.
Жарылыстан кейін із-түссіз жоғалып кеткен әскери Бауыржан Дәуітбаевтың денесі табылмайынша, оның туыстарына жәрдемақы берілмейтіні айтылды.
Ашық дереккөздерде Бауыржан Дәуітбаевтың төрт баласы (үш ұл, бір қыз) бары, ал әйелінің бесінші баласына жүкті екені айтылған.