Өртті сөндіруге ТЖД-ның 12 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылды
Атырауда тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, 7 адам құтқарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 10:35-те Сырым Датов көшесінде орналасқан 6 қабатты үйлердің бірінің балконынан түтін шыққаны туралы шақырту түскен. Шақырту орнына жеткен өрт сөндірушілер 5-қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттардың жануын анықтады.
Департамент қызметкерлерінің күшімен 7 адам, оның ішінде 5 бала автосаты арқылы 5 және 6-қабаттан құтқарылды және дәліз баспалдағы арқылы құтқару қалпақтарын пайдалана отырып, 44 адам, оның ішінде 15 баланы эвакуациялады.
Өрт салдарынан 30 шаршы метр алаңда тұрмыстық заттар жанды.
Өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде 30 минут ішінде адамдар құтқарылып, өрт жойылып, өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр, зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД-ның 12 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды.