Halyq Uni логотип
×

Байзақтағы жарылыс: қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына өмір бойы төлем жасау бастамасы көтеріледі

Қолданыстағы заң бойынша Қаңтар оқиғасына дейін қайтыс болғандардың отбасына көмек өмір бойы көрсетілмейді

 Айгерім Таубай 30.05.2023 | 15:25
Байзақтағы жарылыс: қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына өмір бойы төлем жасау бастамасы көтеріледі
коллаж: Halyq Uni

Байзақтағы жарылыста қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына өмір бойы төлем жасау бастамасы көтеріледі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің жесірлерді алалауға жол берген заңға қатысты ресми сауалға берген жауабында айтылды.

Сондай-ақ ішкі істер және қорғаныс министрлігі әлеуметтік төлем жасау туралы заңға қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін Halyq Uni қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасына материалдық көмектің теңдей көлемде төленбей отырғанын жазды.

Содан кейін полицейлер, құтқарушылар және әскерилер қызмет еткен үш министрлікке ресми сауал жолдап, заңға қайта өзгеріс енгізу бойынша ведомство ұстанымын білді.

МӘСЕЛЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Қаңтар оқиғасынан кейін «Құқық қорғау қызметі туралы» (66-бап) және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (52-бап) заңға жаңа тармақ енгізілді. Оған сәйкес, қызмет барысында қайтыс болғандардың ұл-қызына 23 жасқа толғанша қаржылай көмек беріледі және әйеліне өмір бойына жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы көлемі – күйеуінің соңғы жалақысының 40 пайызы.

Алайда Қаңтар оқиғасына дейін (2022 жылдың қаңтарына) қайтыс болған қызметкерлердің отбасына мұндай көмек берілмейді.

ІІМ БӘРІНЕ ТЕҢ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Ішкі істер министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сүйеніп жауап берген.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 11 қаңтарында Қаңтар оқиғасы барысында қаза тапқан қызметкерлердің және әскери қызметшілердің отбасына көмек көрсету, сондай-ақ полицейлердің жауынгерлік әзірлігі мен құқықтық қорғалу деңгейін арттыру бойынша тапсырмалар берген, - делінген ресми жауапта.

Осылайша осы тапсырманы орындау үшін күштік органдардың салалық заңнамалық актілеріне, оның ішінде қаза тапқан қызметкерлердің және әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне ай сайынғы ақшалай төлемдерді қарастыратын бірқатар түзету енгізілген.

Ішкі істер министрлігі бұл өзгеріс қаза тапқан қызметкерлердің отбасының материалдық жағдайының нашарлауына жол бермеуге мүмкіндік берген, сондай-ақ қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің моральдық-психологиялық жай-күйіне оң әсер етеді деп санайды.

ІІМ «министрлік қызметте қайтыс болғандардың отбасына әртүрлі көлемде әлеуметтік көмек көрсетуді дұрыс деп санай ма?» деген сұраққа да жауап берді.

ІІМ осы жеңілдікті Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарында қоса алғанда, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан барлық қызметкер мен әскери қызметшіге қарастырулын ұстанады, - делінген жауапта.

Ведмоство тәуелсіздік жылдары қызметте қайтыс болған 816 қызметкердің отбасына бірдей төлем жасау кешенді пысықтауды талап ететінін айтты. Себебі бұл норма Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржы мониторингі агенттігі қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне ортақ қолданылады.

Шоғырландырылған ұстаным әзірленген жағдайда мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар қабылданады, - деп түйіндеді ішкі істер министрлігі.

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУГЕ ҚАТЫСПАҒАН

Ал Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың 11 шілдесінде күшіне енген заңға қайта өзгерістер енгізу жоспарланбағанын нақты айтты.

Марқұм болған әскерилердің отбасына теңдей жағдай жасалмай отырғанына қатысты министрлік «қаза тапқандардың отбасылары ешқашанда назардан тыс қалмайды» деп мәлімдеді.

Әскери қызметшінің қаза болуы тек туыстары мен жақындары үшін ғана емес, барлық Қарулы күштер үшін де орны толмайтын қайғы. Қаза тапқандардың отбасылары ешқашанда назардан тыс қалмайды. Көмек ерікті түрде көрсетіледі және қандай да бір шарттар мен шектеулер жоқ, - дейді ведомство.

Сондай-ақ жесірлерді қаңтаға дейін және қаңтардан кейін деп бөліп қойған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгерістерді әзірлеуге Қорғаныс министрлігінің қатыспағанын нақтылады.

БАЙЗАҚТА ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫҢ ОТБАСЫНА ӨМІР БОЙЫ ТӨЛЕМ ЖАСАЛУЫ МҮМКІН

Биыл Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлейді.

Сол заңның аясында министрлік өмір бойына ай сайынғы ақшалай төлем жасауды Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қайтыс болғандар мен сол оқиғадан кейін жұмысқа жарамсыз болып қалғандарға қатысты да қолдануға бастамашы болады.

Министрлік тарапынан 2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан Қорғаныс министрлігінің 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында болған өртті сөндіру кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкерінің отбасы мүшесіне және денсаулық жағдайына байланысты қызметтен босатылған 2 қызметкерге заңның кері күшін қолдануға бастамашылық жасалып отыр, - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған ақпаратта.

Бұл норманы мемлекеттік органдар қолдаса, Парламенттің қарауына енгізеді. Заң жобасы 2023 жылдың шілдесінде Әділет министрлігіне енгізіледі.

Айта кетейік, өмір бойына төлем жасау «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 66-бабының 5-1 (мертіккен жағдайда) және 9-тармағында (қайтыс болған жағдайда) айқындалған.

Бұған дейін күйеуі 2021 жылы Байзақта қайтыс болған Салтанат Тұрманова Петропавл қаласынан арнайы келіп, Halyq Uni тілшісіне сұқбат берді.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МИНИСТРЛІГІ ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУГЕ ҚАТЫСПАҒАН

2022 жылдың 8 маусымында өткен Мәжілістің жалпы отырысында VII шақырылым депутаты Гүлнар Бижанова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды түсіндірді.

Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарына сәйкес, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің өту тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын ғана әзірленуі керек еді. Оның авторы – Бас прокуратура.

Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес, қолданыстағы заңнамаға тек құқық қорғау қызметінің өту тәртібін жетілдіру мәселелеріне қатысты нормаларды енгізу көзделген. Төтенше жағдайлар министрлігі осы заң жобасында тек осы мәселе бойынша әзірлеуге қатысқанын хабарлады.

Ал жесірлерді алалайтын – ай сайынғы төлемдерді енгізуге қатысты нормаға Парламент мәжілісі депутаттары бастамашы болған.

Депутаттар бастамашылық жасаған нормалар Үкіметтің оң қорытындысы негізінде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап болған құқықтық қатынастарға қолдану туралы шешім қабылданды, - деп түсіндірді төтенше жағдайдлар министрлігі.

Ведомство қайтыс болған қызметкерлерді алалап отырған министрлік емес екенін, кей қызметкердің отбасына артықшылық беру де министрліктің бастамасы емес екенін айтты. Мұндай жағдайда төтенше жағдайлар министрлігі жеке шешім қабылдай алмайды.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары Төтенше жағдайлар министрлігі жұмыс істеген 69 адам жұмыс барысында қайтыс болған. Оның ішінде 46 адам өрт сөндіру кезінде қаза тапты.

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Апат салдарынан 18 адам ажал құшып, 100-ге жуық адам жарақат алды. 

Қайтыс болғандардың ішінде Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі бір жылдан кейін табылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама