Әуекомпаниялардың жолаушылармен диалог орнату мәдениеті төмен – премьер-министр
Рейстердің кешігуі немесе мүлде орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет басшысы пандемиядан кейін еліміздің азаматтық авиациясы дамудың жаңа кезеңіне өтіп, жолаушылар саны артып, бұрынғы рейстер қалпына келе бастағанын, жаңа бағыттар ашылып жатқанын айтып өтті. Дегенмен авиация саласында күрмеуі шешілмеген бірқатар проблема бар.
Еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылып жатыр. Яғни, халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді, – деді Әлихан Смайылов
Премьер-министр отандық әуекомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертпелер айтылатынын атап өтті. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлде орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп.
25 ақпанда «Fly Arystan» компаниясының жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында ол рейс мүлде орындалмай қалды. Рейстердің кешігу себептерін уақтылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды, – деді Әлихан Смайлов.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, әуекомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды. Премьер-министр осыған байланысты баға саясатын қайта қарау мен әуе тасымалы сервисін жақсартуды тапсырды.
Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуға тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр, – деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға:
- әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді;
- әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді;
- авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.