Halyq Uni логотип
×

Алматыда белгісіз біреулер қарт кісіге 10 жыл бойы қайыр сұратып қойған

Олар қалаған соманы жинай алмасаң, оңдырмай ұрып, сұлатып түсіреді, - дейді ол

 Еркеғали Болатұлы 30.05.2023 | 11:23
Алматыда белгісіз біреулер қарт кісіге 10 жыл бойы қайыр сұратып қойған
фото: Alvaro Barrientos

10 жылдан аса уақыт бақыр сұрап, бейтаныс адамдардың қыспағынан күні кеше босап шыққан 66 жастағы әйел бар сұмдықты жайып салды, деп хабарлады Almaty.tv.

Айтуынша, оны құлдықта ұстағандар жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамастан далаға тастап, күнде «салық» салып отырған. Жоспарды орындамаған күні оңбай таяқ жеп, миына да зақым келген көрінеді.

Барлығын тартып алатын. Күні бойы жинаған ақшадан дым татырмайтын. Таңертең базар жақтағы көпірге қалдырып, кешке алып кетіп жүрді. Олар қалаған соманы жинай алмасаң, итқорлық көрсететін. Оңдырмай ұрып, сұлатып түсіреді. Содан болар, есімді жөнді білмеймін. Құлдықта менен де басқа адамдар болды. Оларды қаланың басқа жағына тастайды, – деді жәбірленуші.

66 жастағы әйел қазір оңалту орталығында ем алып жатыр. Оны бейтаныс адамдардың қыспағынан еріктілер құтқарып алған. Құлдықтан босап шыққан қарттың жанашыр туысы, не іздейтін жақыны жоқ. Құжаттан да жұрдай. «Арам пиғылдылар да осы қауқарсыздығын біліп, жоспарын іске асырды» дейді көмек бергендер.

Бір кісі келді. Бетін тұмшалап алған, басында орамал. Ол «апаны бермеймін. Ол – біздікі» деді. «Сіз кімсіз?» деп сұрасам, ол апаның төсіндегі телефон нөмірді жұлып алды. Сосын камераға түспейтінін айтты. Апаны бермеуге тырысты. Біз қарсыласып, алып кеттік, – деді «Әділ» қайырымдылық қорының директоры Оксана Маралова.

Қайырымдылық қорының директоры бұған дейін құзырлы органдарға шағымданғанын, алайда олар арызды қабылдамағанын айтты. Сондықтан түсірілім кезінде полиция шақыруға тура келген.

Арызын қабылдаймыз. Толыққанды тексеру жүргізіп, дене жарақатына қатысты тиісті сараптама тағайындап, жаңағы көрсетілген нөмір арқылы банктерге сұраныстар жіберіп, оның кімге тиесілі және қанша қаражат түсіп отырғанын білеміз. Тергеу әрекеті толық аяқталған кезде мәлімдеме беретін боламыз, – деді Наурызбай аудандық полиция басқармасының тергеушісі Мұхамедәлі Абдинаби.

Алақан жайып, қайыр тілегендерді базар маңындағы көпірден ғана емес, қаланың басқа жерінен де кездестіруге болады. Алайда олардың расында қандай көмекке мұқтаж екенін екінің бірі сұрап біліп жатқан жоқ.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама