«Ноғаев мырза, су қайда?» деген жазу үйдің төбесінен де көрінеді
Ақтау қаласының халқы тағы да ауыз су проблемасына душар болды. Бұл қалада жаз шықса жыры бітпейтін жөндеу жұмыстары басталып, қаланың шағын аудандары мен көшелері тағы да ауыз суға жарымай қалады. Бұл мәселе Маңғыстау облысы әкімдігінің Telegram-арнасында жазылып жатыр.
Белгілі болғандай, ақтаулықтар ыстық пен суық суды күнұзақ сарыла күтіп, амалы таусылғаннан тиісті органдардан көмек сұраудан әбден шаршаған. Енді олар амалдың жоқтығынан облыс әкімі Ноғаевтың есімін үйдің төбесіне жазып, су мәселесін шешудің «басқа» жолын іздеуге көшті.
Мысалы, Ақтау қаласында 4-шағын ауданының тұрғындары бірнеше күннен бері ауыз су болмай, шағымдарын кімге айтарын білмеген соң, үйлердің төбесіне: «Ноғаев мырза, су қайда?» деп жазып қойған.
Облыс әкімдігінің Telegram-арнасында ауыз суға жауапты мекемелер аталған мекенжай бойынша ауыз судан ажырату жағдайы болмағанын айтып, комиссия тексеру жүргізіп, себебін анықтайды деп уәде берген.
Бұған дейін Ақтауда ауыз судың бірнеше рет тоқтатылған жағдайы болған. Оның себебін суға жауапты мекеме қаладағы кейбір шағын аудандардағы жөндеу жұмыстарымен түсіндіріп отыр. Ал басқа мәліметке қарағанда, Астрахань-Маңғыстау құбыры арқылы келетін таза ауыз судың бір бөлігін мұнай кен орындары қажетіне алып жатыр.