Еуропадағы қазақ мәдени ұйымдарының саны артып келеді
Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы басталды. Оған Еуропаның 15 елінен келген 20 қазақ ұйымының басшылары қатысып жатыр, деп хабарлады Halyq uni «Отандастар» қорына сілтеме жасап.
Құрылтайға Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов және Австрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Нидерланды, Венгрия, Польша, Түркия, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Ұлыбритания елдеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысып жатыр.
«Отандастар» қорының жетекшісі Абзал Сапарбекұлының айтуынша, Еуропадағы қазақ мәдени ұйымдарының саны артып келеді.
Еуропа қазақтары арасында өткен ғасырдың 90-жылдары бастау алған кіші Құрылтайлар өткізу шарасы бүгінде дәстүрге айналды. Өткізу мерзімі де жиілеп, жыл өткен сайын мазмұны мен форматы жетіліп, толығып келеді. Бұл – осындай тұрақты басқосудың еуропалық қандастарымызға берері мол, маңызды жиын екендігінің айқын көрінісі. Сонымен бірге, осы Құрылтайға ұйытқы болған еуропалық аға буынның, оны қолдап жүрген өздеріңіздің ынтымақтарыңыз бен ұйымшылдықтарыңыздың арқасы. Бұрын Еуропа елдерінде қазақтардың 15-тей мәдени ұйымы болса, бүгінде олардың саны 30-ға жуықтады. «Отандастар қоры» бұл ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан, – деді Абзал Сапарбекұлы.
Ал Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов қандастармен кәсіпкерлік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізіп, Еуропа қазақтарын өңірде білімін жетілдіруге шақырды.
Айта кетейік, құрылтай аясында қоғам қайраткері Абдуррахман Четиннің түрік тіліне аударылған «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта ХХ ғасырдың басында және ортасында қазақ халқының басына түскен ауыр нәубет, зұлмат жылдар туралы суреттеледі.
Еске сала кетейік, қазақ тілінде жарық көрген кітаптың тұсаукесері былтыр қазан айында «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Қазақстанда өткен болатын. Сондай-ақ Германияның Залах қаласында неміс отандастардың қолдауымен Абай үйі ашылды.
Қазақстанда туып-өскен отандастарымыз ресми түрде «Qazan e.V» қауымдастығын құрып, 100-ден аса мүше қабылдап, қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттап келеді. Қауымдастықтың төрағасы Валерий Оствальд отандастардың басын қосып, ресми түрде ашылу рәсімін ұйымдастырды.