«Шалғай ауылдарға барады»: Үш өңірдің тұрғындары онкологиялық тексеруден өтеді
Мамандардың айтуынша, бұл үш өңіре аурудың көрсеткіші жоғары
Павлодар, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы шалғай ауылдың тұрғындарын онкологиялық тексеруден өткізу үшін арнайы көліктер жіберіледі. Жобаны «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырады, деп хабарлады Halyq uni.
Қор Ақтөбе, Қызылорда және Павлодар облыстарында онкологияны ерте кезеңнен анықтау бойынша жаңа жобаны қолға алып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл үш өңіре аурудың көрсеткіші жоғары. КТ, маммограф, УЗИ аппараттары бар арнайы көлік осы облыстардың шалғай ауылдарына барып, халықты тексереді.
Бұл жобаның «Саламатты Қазақстан» пойызынан айырмашылығы – пойыз белгілі бір стансаға тоқтайды. Халық дәрігерге көрінуі үшін сол стансаға баруы керек. Ал толығымен Fuji компаниясының құралдарымен жабдықталған Toyota көлігі алыстағы ауылдарды аралап, бүкіл халықты тексереді. Егер ауру анықталып жатса, дереу тіркеуге алып, қажетті емдеу шараларына кіріседі. Өкінішке қарай, науқастардың көбі аурудың соңғы кезеңінде анықталып жатады. Көлік те еліміздің жолдарына жарайтындай етіп таңдалды, – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма мүшесі София Айсағалиева.
Айта кетейік, қор еліміздегі онкологиялық қызметті дамыту жобасына қатысады. Бұл жұмыс үш бағыт бойынша іске асады. Біріншісі – сәулелі терапия жабдықтарын сатып алу. Екіншісі – мемлекет қазір сатып алмайтын инновациялық препараттарды сатып алу, үшінші бағыты – отандық дәрігерлерді шетелдің үздік орталықтарында оқыту.