«Құм аралас су ішіп отырмыз»: Төңкеріс тұрғындары халықаралық жолды жабуға бекініп отыр
Төңкерістегі төрт мәселе: жарық, су, жол, интернет
Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Төңкеріс ауылының тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдады.
Ауыл халқы Есіл жағасында орналасса да, суға жарымай отыр. Астанадан 40 шақырым жерде орналасса да, интернеті әлсіз. Халықтың ары-бері қатынауы қиындап, жол азабын тартып отыр. Жарық бірде бар, бірде жоқ. Әкім бар — әрекет жоқ. Ауыл толы бала — балабақша жоқ. Тұрғындар жергілікті биліктің уәдесіне әбден «тойған», ертеңге үмітсіздікпен қарайды.
Халыққа қажет инфрақұрылымнан мақрұм Төңкеріс ауылының тұрғындары Астанадан арнайы БАҚ өкілдерін шақырып, жанайқайын жеткізді. Бірнеше жылдан бері ауыз су, жарық, жол, интернет мәселесі әбден жанына батқан тұрғындарды ауыл әкімі сабырға шақырып, шу шығаруға негіз жоғын айтты.
«Су тарту жобасы 2018 жылы басталған. 2020 жылға дейін жұмыс істелінді. Пандемия салдарынан жұмыс тоқтап қалды. Бүгінде бұл іске «Еңбек» РМК жауапты. Жол жөндеу жұмыстары да жоспарда тұр. Осыған дейінгі мердігер компания жұмысты аяқсыз қалдырды. Осы өңірге әкім болғаныма 2 жылдан асты. Арайлы округіне 5 ауыл тиесілі. Ынтымақ ауылында жол, су мәселесі шешілді. Бүгінде Арайлы ауылына жол салынып, су тарту жұмыстары жүргізілуде. Төңкеріс ауылына қалай су кіреді, артынша жол мәселесі де шешімін табады. Мен халықтан қашпаймын», - деді ауыл әкімі Зейнолла Кеңесұлы.
Мал ішетін суды тұндырып еріксіз пайдаланып жүрген ауыл тұрғыны Майлыбай Сәрсенбаев әкімнің айтқанымен келіспейді. Оның айтуынша, ауыз сумен қамту жұмыстары 2019 жылы басталыпты. Оның үстіне әкімнің былтырғы уәдесі бойынша 2021 жылдың 1 мамырында су мәселесі шешілуге тиіс болған. Енді жылдың ортасына жетіп, 2023 жыл да соңына таяғанын айтып отыр.
Екі жылдан бері не су, не жол жоқ. Кәріз құдықтарының беті ашық қалды. Балаларымыз түсіп кете ме деп алаңдаймыз, - дейді Майлыбай Сәрсенбаев.
Алмагүл Садымова есімді тұрғын да көршісінің ойын қуаттап отыр.
«Жауын жауса, ауыл жарықтан қағылады. Кір жуу үшін барлық техниканы тоқ көзінен ажыратып әлек боламыз. Балалар жауынды күні мектепке бара алмайды. Жол батпақ. Жап-жақсы жолды су тартамыз деп қазып тастады. Су да, жол да жоқ. Жарық күнделікті түнгі сағат 12-ден кейін өшіп қалады. Әкім тендер ұту керек дейді. Қайдағы тендер?! Олар тендерден ұтып, жерді қазып, құбырларын лақтырып, бетін жауып тастаған. Ауылға кіреберісте кәріз құбырлары ашық жатыр. Бағып отырған 4 қазым сол құдыққа құлап өлген. Жыл сайын мамыр айында мердігер компания өкілдері джип, тракторымен келеді, асханадан тамақ ішеді. Әрі-бері жүріп, жұмыс істеген сыңай танытады да, артынан жоқ болады. Енді шала істерінен қалған кірпіш, құм, құбырларды жасырын саудаға салып жатыр», - деді Алмагүл Садымова.
Тұрғындардың айтуынша, ауылда бір ғана жол бар. Оның өзі облыс әкіміне арналған жол көрінеді.
«Бұл жолмен халық жүрмейді. Әкімдер ғана жүреді. Ауылымызда балабақша жоқ дегенге сенесіздер ме?! Жаңа мектеп салынды. Оның жанында ескі мектеп тұр. Сол ескі мектептің ғимаратын балабақша етсін. Жол бойын жарықтандыру керек. Себебі бірнеше адамды көлік қағып кеткен. Ауылда билайн электр бағанасы тұр. Алайда ол істемейді. Босқа тұрғанына жылдан асты. Оны іске қосу үшін ақша жоғын айтып отыр. Қаржыны калтасына басып қалу үшін, бұл бағананы әу баста жай көрнекілік үшін қойып кеткен», - дейді Кенжебай Садымов.
Жиналғандарға басу айтуға келген «Еңбек» РМК учаскі басшысы Руслан Зарипов камера алдында түсініктеме беруден бас тартты. Халықтың айғай-шуынан кейін ғана көлігінен түскен ол жиналғандарға журналист кеткен соң ғана жауап беретінін айтыпты.
Айтпақшы, ауыл әкімі Зейнолла Кеңесұлы учаскі басшысы көлігінен түспей отырғанда: «Оларды мазаламаңыздар, менің таныстарым, бұл мәселеге түк қатысы жоқ», деп айтып еді. Біраздан соң көлік ішіндегі «бейтаныс» мәселеге тікелей қатысты бар «Еңбек» РМК өкілі болып шықты.
Әкімнің алдағанына ашынған Дәулет Мапышов пікір білдіруден қашқан Руслан Зариповтың бұған дейін халықпен кездесіп, су тарту жұмыстарына қаржы бөлінгеніне сендіріп, мамыр айында тиісті жұмыстарды бастауға уәде бергенін де айтты.
Ауылды өркендетуге тиесілі қаржыны иемденгендердің енді көліктен түсіп, халыққа түсіндіруге де шамасы жоқ екен. Тағы да ақша керек бұларға. Жерді қазып, қаншама құбырды тастап кетіп қалған — осылар, - деді ауыл тұрғыны Кенжебай Садымов.
Әкім ауылға су тарту жұмыстарына нақты қанша қаржы бөлінгенін айта алмады. Аудан бюджетінде 156 миллион теңге тұрғанын жеткізіп, соның 55 миллионы осы ауылға бөлінді деумен шектелді. Осылайша, жергілікті билік әдеттегідей бәрі алдағы уақытта шешіледі деген жаттанды сөзді айтып отыр.
Ауыл халқы қордаланған мәселе 7 маусымға дейін шешілмесе, халықаралық Алматы-Екатеринбург трассасын жабуға бекінген. Сондай-ақ Төңкеріс халқы мәселеге Мемлекет басшысының назар салуын талап етеді.
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ауылымызда су, жарық, жол, тіпті балабақша да жоқ. Интернет нашар. 3-жылдан бері осы мәселелерге катысты әкімнен жөнді жауап ала алмадық. Сондыктан өзіңізден көмек сұраймыз. Шыдамның да шегі бар, - деді тұрғындар үндеуінде.