×

Ақтөбе облысында 9 ай бойы заңсыз жұмыс істеген мектеп-интернат анықталды

Прокурорлық қадағалау актісімен барлық кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылды

 Динара Амантай 27.05.2023 | 11:17
Фото: ашық дереккөз

Қобда ауданының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында балалардың конституциялық құқықтарының өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қобда ауылында 9 ай бойы (2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін) қандай да бір рұқсат құжаттарынсыз мектеп-интернаты жұмыс істегені анықталды, онда ауылдық жерлердің 15 баласы білім алған. Интернат қызметі жалпы білім беру мекемесінің жанында ұйымдастырылғанымен, оның құрылтай құжаттарында мүлдем көрсетілмеген. Мектеп және мектеп жанындағы интернат оқушыларына арналған ішкі тәртіп ережелері заңды күштерін жойған құқықтық актілер негізінде әзірленген.

Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мемлекет кепілдік берген тегін киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз етілмеген.

Сонымен қатар, интернат ғимараты уәкілетті органдардың санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындысыз пайдаланылған. Міндетті медициналық тексеруден өтпей (санитарлық кітапшасыз) интернат асханасының қызметкерін жұмысқа жіберген.

Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргеніне, сондай-ақ сапалы білім алуға конституциялық құқықтарының шектелгеніне қарамастан ЖАО лауазымды тұлғалары әрекетсіздік танытып, олармен уақтылы шаралар қабылданбаған.

Тек прокуратураның араласуынан кейін ғана білім бөлімі мектеп-интернаттың жұмыс істеуіне қажетті барлық рұқсат құжаттарын алуға өтінім жолдады және балаларды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады.

Сонымен қатар, прокурорлық қадағалау актісімен барлық кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама