Прокурор қарулы қақтығысқа шақырылған қызылордалықтарға үндеу жасады

Еркеғали Болатұлы

Адамдардың қаза табуына, өзге де ауыр зардаптарға себепкер болғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады

фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысы прокуратурасының ресми сайтында прокурор Нұрлан Бижанов өңір тұрғындарын қарулы қақтығыстарға шақыруларға байланысты үндеу жасады.

Оның айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда шетел және Қазақстан азаматтарын өзге елдердегі қарулы қақтығысқа шақыру туралы үгіт-насихат материалдары тарап жатыр. Оның ішінде жалдамалы әскери топтар белсенді түрде адамдар жинап, азаматтарды қомақты жалақы, сыйақы төлейтіндігімен қызықтыруға тырысып әлек.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170-бабына сәйкес жалдамалыны азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе өзге материалдық қамтамасыз ету, сол сияқты оны қарулы қақтығыста, соғыс қимылдарында немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне пайдалану не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан осындай іс-әрекет 20 жылға дейiнгi немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деді Нұрлан Бижанов.

Сондай-ақ Қазақстан азаматының шет ел аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қасақана қатысуы Қылмыстық кодекстің 172-бабымен сараланып, ол 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 40-бабын басшылыққа ала отырып, азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға және қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамын, - делінген хабарламада.

Осы орайда прокурор құқық қорғау органдарының белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзу әрекетінің жолын кесетінін ескертті. Сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шаралардың бәрін қолданады.