Елордалық білім басқармасы №20 мектептегі қазақ сыныптарын жаппақ болған
Биыл оқу жылында 1-сыныпқа баратын балалардың құжатын қабылдамай қойған
Елордалық ата-аналар «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының басшысы Дархан Құлжамбековке жүгініп, уәжін айтты.
Олардың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы №20 орта мектебі және қалалық Білім басқармасы басшыларының шешімдеріне сәйкес 1-5-ші аралығындағы қазақ сыныптарын Нұр-Сұлтан қаласының №93 гимназиясына мәжбүрлеп ауыстырып жатқандығы, сондай-ақ №20 орта мектебіне 2022 жылғы жаңа оқу жылына 1-ші қазақ сыныптарына баратын балалардың ата-анасынан құжаттарды қабылдамаған.
Білім басқармасы және мектеп басшыларының №20 орта мектебіндегі қазақ сыныптарын жауып, тек орыс сыныптарын қалдыру туралы біржақты шешімі ата-аналардың наразылығын тудырған.
«Әділдік жолы» өкілдері қазақ сыныптарын №93 гимназиясына ауыстыру туралы Білім басқармасының шешімі қолданыстағы заңдарға және №20 орта мектебінің жарғысына қайшы келетіндігін айқындаған.
2019 жылы бекітілген мектеп жарғысының 23-тармағында мекемедегі оқу және тәрбиелеу мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізілетіні анық айтылған.
«Білім туралы» заңының 9-бабының 1,2,3,4 -тармақтарында білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Конституцияға және ҚР тіл туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады деп жазылған.
«Ата-аналардың жазған арызы негізді. Осыған байланысты «Әділдік жолы» РҚБ тарапынан Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне, қала прокурорына және Білім басқармасына қабылданған шешімнің заңсыз екендігін дәлелдей отырып, тиісті заңды шаралар қабылдау туралы хат жолданды. Білім басқармасының 15 сәуірдегі хаттамасына сәйкес, 1 сәуірден бастап балаларды бірінші сыныпқа (қазақ және орыс тілдерінде) қабылдау жүргізілетін, аталған мектептің құрылтайшылық құжаттарына қазақ сыныптарын жабу туралы өзгеріс енгізілмейтін болды», - дейді ата-аналардың уәжін тыңдаған Дархан Құлжамбеков.