Құлсарыда жұмысшылар жалақыны көбейтуді талап етті
Еңбекақыны 50 пайыз өсіру керек, - деді жиналған көпшілік
Атырау облысының Құлсары қаласында Жылыой аудандық электр жүйесінің 50 шақты жұмысшысы кеңсе маңына жиналып, жалақыны көбейтуді және арнайы киімдердің тапшылығына байланысты наразылық білдірді.
«Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, наразылық акциясына келген жұмысшының бірі – 7 бала өсіріп, тәрбиелеп отырған Әсел Шығыбаева күнкөрістің күн өткен сайын қиындап бара жатқанын айтты.
Қымбатшылықтан жағдайымыз мәз емес. Тазалықшы ретінде 80 мың теңге жалақы аламын. Ол ешнәрсеге жетпейді. Баға өскенімен, еңбекақымыз сол күйінде тұр, – деді ол.
Оның бұл пікіріне басқа да адамдар қосыла кетті. Олар да азық-түлік бағасының қымбаттап жатқанын, банкке қарыздары туралы айтып шағымданды. Ал Жылыой аудандық электр жүйесінің басшылығы жалақыны 1 шілдеден бастап 20 пайыз өсіреміз деп отыр. Бұған жиналған жұрт келіспеді.
Бұған біз келіспейміз. Бұл ақша мүлде жетпейді. Еңбекақымызды 50 пайыз өсіруін талап етеміз. Бізге жұмыс істеуге жағдай жасасын, – деді көпшілік.
Кездесуде Жылыой аудандық электр жүйесінің басшысы Марат Мендияров қазір мекеменің бірден жалақыны көтере алмайтынын ескертті. Оның айтуынша, жалпы ұжымда 200-ге жуық адам еңбек етеді. Орта есеппен ай сайынғы еңбекақы 120 мың теңге шамасында. Биыл еңбекақы 20 пайызға көбейсе, келесі жылы 30 пайыз қосылады. Осылай жылдан-жылға өсіп тұрады. Ал арнаулы киімсіз адам жұмысқа жіберілмейді. Жылына бір рет сұраған размеріне қарай киім, каска беріледі. Бүгінде қоймада бәрі тұр. Мастерлері арқылы тапсырыс беруіне орай қамтамасыз етіледі.
Осыдан кейін 1,5 сағатқа созылған наразылық танытушылар өз жұмыстарына кірісті.