×

Бес жасар қызға зорлық көрсеткен күдіктіні көршілері соққыға жыққан

Куәгерлерінің айтуынша, балдырғанның көмейіне зақым келген

 Дастан Жұмабекұлы 26.05.2023 | 16:27
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының Арыс қаласында 5 жасар қыздың зорлануына қатысты жаңа дерек пайда болды.

Куәгерлерінің айтуынша, зорлық-зомбылықтың салдарынан балдырғанның көмейіне зақым келген. Балаға зорлық пен қорлық көрсеткен адам балауса қыздың көршісі болып шықты.

Otyrar.kz-тің хабарлауынша, Түркістан облысында белгісіз ер адам 5 жасар қызға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетіп, баланың көмейін жарып жіберген. Осыны білген оқиға куәгерлері азғындыққа барған ер адамды өздері ұстап алып, қатты соққыға жыққан.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, күдікті кіреберістердің бірінде қылмыс жасаған. Барлық мән-жайды әкесіне қыздың өзі айтып беріпті. Қылмыс кезінде қыздың әкесі көлігін жуып жатқан екен. Ал күдікті үшінші қабатта осындай тірлік жасаған. Кейін оны көршілері бейнекамерадан тауып алған. Кішкентай қыз кіреберістен шығып, әкесіне жүгіріп барып, болған оқиғаны айтқан. Осыдан кейін қыз сыртқа шығуға қорқып қалған. Ал күдікті өзі келіп, қылмысын мойындап, кешірім сұраған.

Бұл жігіт күнде аулада жүретін. Қылмыс жасайтындай ештеңесін байқамадық, – деді қыздың көршілері.

Түркістан облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Қылмыстық іс жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық бабы бойынша қаралып жатыр. Бірақ істің құпиялылығын сақтау мақсатында полицейлер қылмыскер туралы ақпаратты жария етпеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желіде бұл жағдайдан кейін кәмелетке толмаған қыздың көмейі жарылып, жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тараған болатын. Полиция бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жәбірленушінің денсаулығы қалыпша. Сараптама қорытындысына сай ешқандай жарақат табылмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама