×

Алматы әкімдігінің үш қызметкері сотталды

Олардың бірінің «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс енгізілді

 Динара Амантай 26.05.2023 | 16:05
Фото: ult.kz

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында Алматы қаласы спорт басқармасының қызметкерлеріне қатысты жымқыру және аса ірі мөлшерде ақша қаражатын иемдену арқылы бөгдеге тиесілі мүлікті ұрлады деген факті бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2020 жылғы қараша - 2021 жылғы желтоқсан аралығында Спорт басқармасы қалада кешенді спорттық бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізген. Спорт басқармасының басшысы қаржы-экономикалық және жоғары жетістіктер спорты бөлімдерінің басшыларымен алдын ала сөз байласып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, қызметтерді жоғары бағамен сатып алған, сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға ақы төлеген.

Сондай-ақ «К» ЖШС-ның директоры бірқатар іс-шараларды өткізуге басқарма тарапынан рұқсат алып, марапаттау өнімдерін, спорттық жабдықтарды сатып алу шығындарын асыра бағалау және бірқатар іс-шараны орындамау арқылы спорттық жарыстарды өткізуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлаған.

Үш мемлекеттік қызметкер мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салына отырып, 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Президентке спорт басқармасы басшысының «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс енгізілді. Ал ЖШС директорына 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен бірге сотталғандардан мемлекет кірісіне 330 млн теңге көлемінде материалдық залал өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама