×

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 168 адам өз-өзіне қол жұмсаған

Өңірде күн сайын 2 суицид жасалады

 Динара Амантай 26.05.2023 | 15:10
Фото: exclusive.kz

Ақтөбе облысының прокуратурасы облыста суицид жасау себептерін талдап, суицидтің алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін белгіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, биыл адамдардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері өскен (128-ден 168-ге дейін), оның ішінде 47 адам қайтыс болып, 121 адам қол жұмсауға тырысып, уақытында құтқарылған.

Сондай-ақ күн сайын орта есеппен 2 суицид жасалатыны белгілі болды.

Мұндай фактілердің көбі Ақтөбе қаласында (143), Мұғалжар (5), Шалқар (4), Мәртөк, Әйтеке би (3-тен) аудандарында жасалды.

Көпқабатты үйлерден секіру арқылы жасалған суицидтер қоғамда ерекше резонанс тудырады. Биыл осындай 5 факт анықталған. Тек сәуір айының өзінде көпқабатты үйлерден 3 әйел секірді. Оның біреуі 25-қабатты «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешенінде болса, екіншісі қала орталығындағы 9 қабатты үйде жасалды.

Қазір облыс прокуратурасы жергілікті атқарушы органның атына суицидтің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау туралы хат жолдады.

Оның ішінде:

- суицидтер жиі жасалатын орындарға мониторинг жүргізіп, олардың алдын алу бойынша шаралар қабылдау. Мысалы, «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешенінде балкондарының ашық учаскелеріне қоршаулар орнату;

- люктерде құлыптар орнату арқылы көпқабатты үйлердің шатырларына кіруді шектеу бойынша кондоминиум төрағалары және мүлік иелерінің бірлестігі басқарушыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

- тиісті салалардың мамандарын тарта отырып, суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық топты құрып, суицидтің әрбір фактісін зерттеу, бұдан әрі ұқсас фактілердің алдын алу жөніндегі тетіктерді әзірлей отырып, себептерді айқындау, оның ішінде халықаралық тәжірибені зерделеу және оны енгізу туралы хат жолдады.

Бұл мәселе облыс прокуратурасының ерекше назарында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама