Halyq Uni логотип
×

Петропавл іргесіндегі ауылда мал ұстауға, бау-бақша өсіруге мүмкіндік жоқ

900-ден астам үйі бар ауыл халқы ауыз суға жарымай отыр

 Самат Жақып 19.04.2022 | 16:12
Петропавл іргесіндегі ауылда мал ұстауға, бау-бақша өсіруге мүмкіндік жоқ
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданына қарасты Пеньково ауылының тұрғындары таза суға жарымай отыр. Ауылдағы ағайын қазір амалдың жоқтығынан құдықтың техникалық суын пайдалануға мәжбүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Пеньково – облыс орталығынан небәрі он шақырым жерде орналасқан елді мекен. Ауылдың қала іргесінде орналасқанымен, мұндағы мәселе шаш етектен. Ең басты проблемала - ауыз судың жоқтығы.

«Көлігі барлар қаладан тасып ішеді, ал көлігі жоқтар құдық суын ішіп отыр. Құдық суы ішуге жарамсыз, ыдыс-аяқ жууға ғана жарайды. Бірақ амал жоқ, ішесің. Енді қайда барамыз? Қаланың түбінде тұрып су жоқ дегенге әлі таңмын. Бұрын кеңестік кезеңде барлық ауылға су тартылды ғой ғой. Мен бұрын осы жерден 200 шақырым жердегі ауылда тұрғанмын. 70-ші жылдары сол жаққа су келді, ал мында әлі жоқ», - дейді Пеньково ауылының тұрғыны Қайырбай Мағжанов.

Пеньковода 900-ден астам үй бар. Тұрғындардың көбі ауласынан құдық қазып алған. Бірақ жер асты суы да тапшы, соның салдарынан ауылдағы ағайын бау-бақшамен айналыса алмай отыр. 

«Құдықтың су кірімізді жууға да жетпей қалады. Ауылда тұрған соң мал ұстасақ дейміз. Бірақ, ешқандай мүмкіндік жоқ. Өзіміз қаладағы күйбелең тіршіліктен шаршап, осында көшіп келген едік. Қазір өкініп отырмыз. Жолдасым жұмыстан келгенде ішетін суымызды ала келеді. Әр тамшысын үнемдейміз», - дейді ауыл тұрығыны Ардақ Құдайбергенова.         

Пеньково ауылында орталықтандырылған су жүйесі мүлдем болмаған. Бұл мәселені шешу үшін 2018 жылы «Соколов» топтық су құбырын жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі басталған еді. Бірақ қазір бұл жұмыстардың бәрі тоқтап тұр.

«Қаладан 100-200 шақырым жердегі ауылдарда мұндай проблема жоқ. Осы суды күтіп жүргенімізге талай жыл өтті. Қала іргесінде тұрамыз, ұят емес па? Жергілікті халыққа обал болды. Қысылған кезде құдықтың суын тұтынамыз. Балалардың болашағы үшін уайымдаймыз. Енді халық қол жинап, жоғары жаққа хат жолдауды жоспарлап отырмыз», - дейді тұрғын Сабыр Ештаев.

Су құбырын жаңғырту жұмыстарын «Қазбайлық Астана» серіктестігі жүзеге асыруға тиіс еді. Алайда, жұмысына немқұрайды қараған бас мердігердің ісі бүгінде сотқа жеткен.

«Мердігердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз жүргізгені анықталды. Осығайн дейін тұрғындар тарапынан да түрлі шағым түсті. Құрылыс материалдарының, техникалардың жетіспеушілігі де болды. Сәуір айында сот процесі толығымен аяқталуға тиіс.

Жақында жобалау институтында болдым. Бүгінгі күні жобаға сараптама жасалып жатыр. Сәтін салса сметалық құжаттар мамыр айында дайын болады. Комитеттің мәліметінше барлық іс аяқталған соң, шаруалар қайта басталады», - деп сендірді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шоқыбаев.

Жоспар бойынша, бұл жоба 2023 жылы аяқталмақ. Сол кезде 9 мыңға жуық халқы бар оннан астам елді мекен таза су жеткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама