×

«Мен үшін де маңызды»: министр балалар үшін әлеуметтік желіні шектеуге қатысты ойын айтты

Құжат жобасы 6 маусымға дейін жария талқылауда болады

 Халық үні 25.05.2023 | 16:28
фото: ашық дереккөз

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалар үшін әлеуметтік желіні шектеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әлеуметтік желінің мәдениетіне көбірек мән беруіміз керек. Ол балалардың психикасына кері әсер етуі мүмкін. Кезінде «Синий кит» деген мәселе шықты. Сол кезде халық «мемлекет неге бақылауда ұстамайды?» деді. Неге шектеу қойылмайды деген мәселе көтерілді. Шектеу деген алаңсыз шектеп тастау деген сөз емес. Тиісті, өзіне қажетті ақпарат балаға қолжетімді болуға тиіс. Баланың психикасына, оның қалыптасуына зиянды дүниелердің барлығы ата-ана ретінде мен үшін де маңызды, - дейді Ғани Бейсембаев.

Айтуынша, мұны баланың психикасына әсер ететін дүниелерден бойын аулақ ұстауға көмектесетін жол деп қабылдау қажет.

Айта кетейік, елімізде балалар әлеуметтік желілерге тіркелу үшін ата-анасының рұқсаты қажет болатын құжат жобасы ашық талқылауға шығарылды.

Құжатқа сәйкес, кәмелетке толмағандар Instagram, Facebook, WhatsApp, ВКонтакте платформаларына ата-анасының рұқсатынсыз тіркеле алмайды. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында 6 маусымға дейін жария талқылауда болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама