Бір де бір лагері жоқ Ұлытау облысындағы оқушылар жазда қайда демалады
Ауылда оқитын 20 мың оқушыға жазға лагерьге жолдама беріледі
«Қазақстан халқына» қоры ауылда оқитын 20 мың баланы жазғы лагерьге жіберуді жоспарлап отыр. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бір де бір лагерь жоқ Ұлытау облысындағы оқушылар басқа өңірге жіберілетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстың екіге бөлінуіне байланысты Ұлытау облысында мекеме (лагерь) қалмаған. Соған байланысты мекеме құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. Ұлытау өңірі немесе Маңғыстау облысы оқушылары болсын өзі тұратын өңірде демалуы міндетті емес. Балаларды Қазақстан бойынша жайлы жерде орналасқан демалыс орындарына жіберу ұйымдастырылып жатыр. Алматы қаласы, Алматы облысы, Көкшетау өңіріндегі лагерьге орналастыру мүмкіндігі бар, - деді Ғани Бейсембаев.
Айтуынша, бұл жоба бойынша оқушылар 10 күнге демалысқа жіберіледі.
«Балаларды лагерьге жеткізу, оны қайта әкелу жұмыстары бұйрық арқылы рәсімделеді. Балаларды жеткізу және қайта алып келуге жауапты адамдар белгіленеді. Ал сауықтыру орталықтарындағы жауапкершілікке келсек, демалыс орындары жауапты органдардың тексеруінен өткен. Бұл лицензиясы бар, балаларды қабылдауға рұқсаты бар мекемелерде ғана ұйымдастырылады. Ол жердегі қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда», - деді министр.
Сондай-ақ ел бойынша сауықтыру орталықтарында ортақ бір баға бекітілмеген.
«Әрбір демалыс орталығының өз бағасы бар. Ол бағдарламаның ауқымына сәйкес бекітілген. (Ел бойынша) Нақты ортақ белгіленген баға жоқ. Бірыңғай тарифті тек мемлекетке тиісті мекемелерде енгізу жоспары бар. Бұл тарифке ғана емес, менің тарапымнан осы саладағы жаңғырту жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді. Қазір заманға сай балалардың демалысын қызық әрі пайдалы етіп ұйымдастыру мақсатында жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Ғани Бейсембаев.
Қазақстанда ауылда оқитын 20 мың оқушыға жазға лагерге жолдама беріледі. Жолдаманының құнын «Қазақстан халқына» қоры төлейді. Қор бұл мақсаттарға 1,94 млрд теңге бағыттайды.