×

Ақтөбеде әйел үстіне кілем құлап кеткені үшін дүкен иесінен 1 млн теңге өндіріп алды

Дау медиация тәртібімен реттелді

 Динара Амантай 25.05.2023 | 15:33
Фото: idei.club

Ақтөбе облысында үстіне кілем құлап кеткен әйел дүкен иесінен 1 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс тұрғыны кілем дүкеніне келіп, тауарды қарап жатқан кезде оның үстіне кілемдердің бірі құлап, салдарынан оң жақ жамбас сүйегі сынған. Дене жарақатын алған әйел дүкен иелері тұтынушының өміріне қауіпсіздік шараларын қабылдамағандықтан, емделуге жұмсалған материалдық залал және моральдік зиянды өндіруді сұрап, сотқа жүгінді.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен әйелдің талабы қанағаттандырусыз қалған. Соттың шешімімен келіспей, талап қоюшы облыстық сотқа апелляциялық шағыммен жүгінді.

Облыстық сотта азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьялары тараптарға олардың татуласу құқығын, сондай-ақ дауды медиация тәртібімен реттеу туралы татуласу келісімін жасасудың артықшылықтарын, салдары мен тәртібін түсіндірді. Нәтижесінде тараптар сот алқасына дауды медиативтік келісім жасау арқылы реттеу туралы бірлескен өтінішхат ұсынды.

Келісім шарттарына сәйкес, кәсіпкерлер талап қоюшыға 1 млн теңге моральдық залалды өтеуге міндеттенді. Оның бірінші бөлігі – 500 мың теңге қолма-қол беріліп, қалған 500 мың теңге 2 ай ішінде төленеді.

Сот алқасымен келісім бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама