×

Ақтөбе облысының жұмыспен қамту орталығында көптеген бұзушылықтар анықталды

Кінәлі азаматтар лауазымынан босатылғанға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды

 Динара Амантай 25.05.2023 | 14:56
Фото: inva.kz

Ақтөбе облысының прокуратурасы ішкі еңбек нарығын қорғау және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына тексеру жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, тексеру барысында жалған жұмыспен қамтудың көптеген фактілері, жалған әлеуметтік жұмыс орындарын құрудың 100-ден аса фактісі, талап етілмеген кәсіптер бойынша ресми оқыту жүргізу, сондай-ақ кәсіпкерлік идеяларды қолдауға гранттар беру кезінде көптеген бұзушылықтар анықталды.

Мемлекет кәсіпкерлік идеяларды қолдау мақсатында 400 айлық есептік көрсеткіш (1 225 200 теңге) мөлшерінде қайтарымсыз гранттар береді. Осы бағдарламаны іске асырудың негізгі қағидаты – осындай гранттарды мақсатты пайдалану. Алайда уәкілетті органдар бұл талаптарды орындамайды.

Мысалы, жұмыспен қамту орталығы «өзін жуу» көлік жуу орнын ашуға 1 225 200 теңге көлемінде шағын бизнесті қолдауға грант берген. Алайда прокурорлық тексеру барысында көлік жуу орнының іс жүзінде жоқ екендігі анықталды.

Сондай-ақ нақты жұмыс істеген адамдарға жұмысынан айрылу бойынша жәрдемақылардың негізсіз төленгені де белгілі болды.

Барлық бұзушылықтар бойынша қадағалау актілері енгізіліп, олардың нәтижелері бойынша кінәлі тұлғалар атқаратын лауазымынан босатылғанға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама