«Махаббатқа зәру болып өскендер»: маман коррупцияға бейім адамдардың портретін сипаттап берді
Жұлдыз Төлеу ретрит пен есірткі, дінге тәуелділік, депрессия жайында кеңірек баяндап берді
Орталық Азия психоанализ институтының түлегі, психоаналитик Жұлдыз Төлеу Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында коррупцияға бейім лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің психикасы туралы айтып берді. Маманның пайымдауынша, жемқорлыққа баратындардың көбі бала күнінде жылу көрмей өскендер болуы мүмкін.
«Осындай әрекетімен (жемқорлар – ред.) қоғамға, айналасына қаншалықты қауіп төндіріп отырғанын өзі білмеуі мүмкін. Әрі-беріден кейін бүкіл бір елді құрдымға алып барады. Мұны біз соғыс жағдайындағы көрші елдердің мысалынан көріп отырмыз. Бір жағынан кішкентай отбасын байлыққа кенелтемін деп армандайтын шығар. Ал олардың психикасы туралы айтар болсақ, олар – махаббатқа зәру болып өскен адамдар. Материалдық дүниелерді айтып отырған жоқпын. Әке-шешесі үлде мен бүлдеге орап өсіруі мүмкін, бірақ оған шынайы махаббатын, жылуын бермеген болуы мүмкін», - дейді маман.
Оның айтуынша, психоаналитик алдына жүгінетіндердің дені 18-25 жас аралығындағы жастар. Олардың балалық шағы 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңіне тура келгендіктен, мінез-құлқында бірқатар ортақ мәселелер бар.
Бір кезеңде тәрбиеленген қыз-жігіттердің ұқсас мінез-құлқына қарап, қазіргі қоғамдағы үрдіске анализ жасаймын. Олардың әке-шешесінің жастығы тәуелсіздіктен кейінгі тоқырау кезеңіне тура келді. Қазір қоғамда өз орнын тауып, жұмыс істеп жүр. Олар жоғары білім алып, қарны тоқ болып өскенімен, жанында ауыр депрессия бар. Өзіңіз білесіз, тоқырау кезеңінде көп отбасының жағдайы өте қиын болды, нан таба алмаған кездер, жұмыссыздық, ұрыс-керіс көп болған. Отбасындағы осындай түрлі оқиғаларды көріп өскен баланың тамағы тоқ болғанымен, жаны жаралы болады екен. Қарым-қатынас кезінде адамдармен көп араласпайды, оқшауланғыш келеді. Бүгінгі буынның – мәселесі осы, - дейді Жұлдыз Төлеу.
Сұқбаттың толық нұсқасын Halyq Uni youtube арнасынан көруге болады.
Психоаналитик әңгіме барысында ЛГБТ, ретрит және есірткі, дінге тәуелділік, депрессия сынды қоғамдағы өзекті мәселелердің ара жігін талдайды.