Лагерьге баратын оқушылардың денсаулығы тексеріледі
Биыл жазда оқушылар үшін 12 мыңға жуық лагер жасақталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министр ведомство балалардың бос уақытын, демалысын және сауықтыру мекемелеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды ұйымдастыратынын атап өтті.
Ажар Ғинияттың айтуынша, биыл жазда 12 мыңға жуық лагер, оның ішінде 11 мыңнан аса мектеп жанындағы лагерь, 236-ға жуық қала сыртындағы сауықтыру лагері ашылады. Онда жалпы 1 млн 600 мыңнан аса бала демалады.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде баратын балаларды медициналық тексеру, оның ішінде иммундық статусы, денсаулық жағдайы туралы анықтамалар беріп, инфекциялық науқастармен байланысының жоқтығын тексеру ұйымдастырылады. Қала маңындағы лагерлерде 400-ге жуық медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет басшысының жазғы демалыста ауыл балаларына қажетті көңіл бөлінбейтінін алға тартқанын жазған едік.