1 541 әкімшілік іс сотқа жіберілді
Астанада жыл басынан бері отбасылық жанжалға қатысты 1 541 әкімшілік іс сотқа жолданды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров мәлімдеді. Оның айтуынша, полиция жасақтары мен кезекші жедел топтарының түнгі таралымында елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілген.
Енді сотта бір рет қана татуласуға болады. Ал қайталанған жағдайда, татуласу мүмкін емес. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің баптарында «дейінгі» деген шектеулер алынып тасталды. Қамауға алу 10, 15, 20 тәулік болып қалса, ал қайталап құқық бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алу мерзімі 25 тәулікке дейін ұзартылды.
Қылмыстық кодекстің кейбір баптарына қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу түріндегі санкцияны қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті 6 жылдан 10 жылға дейін арттыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді, – деді Ренат Зулхаиров.
ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер 19 мамырда күшіне енсе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегісі биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Түнгі кезекшілікте полицейлер басшылықпен бірге тұрмыстық келеңсіздіктер мен отбасылық жанжалдар туралы түскен хабарламалармен 7 отбасына барды. Оның екі бірдей жағдайында ұрып-соғу туралы арыз түскен. Қызметкерлер құқық бұзушылықтарды тоқтатып, күш қолдану деректері бойынша жиналған материалдарға сараптама тағайындап, оның қорытындысына сәйкес процессуалдық шешім қабылдады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Астана қаласының полициясына жыл сайын отбасылық жанжалға байланысты 17 мыңнан аса қоңырау түседі. Ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырғанмен, мұндай деректер азаймай отыр.
Биыл жыл басынан бері Астанада отбасылық жанжалға қатысты 3 мыңнан аса қорғау нұсқамасы шығарылып, 1 541 әкімшілік іс сотқа жолданған.