×

Шетелдіктерден қызметі үшін 800 доллар алған такси жүргізушісі жазаланды

Ақшаны бермеген жағдайда сөмкелерді қайтармаймын деп қоқан-лоққы жасаған

 Динара Амантай 25.05.2023 | 09:40
Фото: ашық дереккөз

Шетел азаматтарын барар жеріне жеткізіп, жол ақысына 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 21 мамырда Алматы халықаралық әуежайы маңында жеке такси қызметін ұсынатын ер адам өз көлігіне Үнді елінен келген туристерді отырғызып, қонақ үйге дейін мың теңгеге апарып тастаймын деген. Межелі жерге жеткенде ол туристерден 1 180 АҚШ долларын сұраған. Бермеген жағдайда сөмкелерді қайтармаймын деп қоқан-лоққы жасаған. Сөйтіп, шетелдіктер жүргізушіге 800 АҚШ долларын беруге мәжбүр болған.

Үнді азаматтары бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына шағым түсірді. Полицейлер 27 жастағы жігітті ұстады. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы («Бопсалау») бойынша қылмыстық іс тіркелді. Өз кінәсін толық мойындаған ол шетел азаматтарына келтірілген шығынды өтеп берді. Өз кезегінде шетелдік туристер Қазақстан полициясына алғыс білдірді.

Такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін және төленбеген айыппұлына байланысты арнайы тұраққа қойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама