Атырау облысында босанған жас әйелдерді құтқарушылар моторлы қайықпен тасымалдап жүр
14 сәуірде Қызылқоға ауданында төтенше жағдай жарияланды
18 сәуірде Миялы ауылындағы перзентханада босанған Жангелдин ауылының тұрғыны нәрестесімен бірге құтқарушылардың көмегімен моторлы қайық арқылы жолдың арғы жақ бетіне аман-есен жеткізілді.
Жолдың арғы жағында оларды туыстары қарсы алды. Әндетіп, қошеметпен қарсы алу сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Бұрын қара жол арқылы көлікпен жететін жерде Ойыл өзені арнасынан тасығалы көл пайда болды. Қазір аудан орталығы – Миялы ауылына Миялы-Қарабау-Индер облыстық маңызы бар тас жолдың арғы жақ бетінде орналасқан елді мекендермен байланыс құтқарушылардың көмегімен жүзеге асырылып жатыр. Осылайша Жангелдин ауылының және ар жағындағы басқа да ауылдардың тұрғындары құтқарушылардың көмегімен аудан орталығы - Миялы ауылына моторлы қайықпен қатынауға мәжбүр.
Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан орталығымен байланыс жасау үшін тас жол үзілген жерде жергілікті тұрғындарды тасымалдау үшін құтқарушылармен бірге моторлы қайық қойылды. Қазіргі уақытта 671 адам, оның ішінде 19 бала тасымалданды. Сонымен қатар, елді мекендерге бағыт алған азық-түлік өнімдерінде тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.
Еске салсақ, 12 сәуірде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылын су басу қаупі төнген болатын. Ауылдың қауіпті аймақтары құм салынған қапшықтармен қоршалып, су жолын бөгеуге тырысты. Ал, 14 сәуірде ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қауіп Миялы-Қарабау-Индер облыстық маңызы бар тас жолды қопарып (бұзып), су арнасын Жангелдин ауылына қарай бұрған соң сейілді. Осылайша жиналған су біртіндеп Қамыскөлге құйылып, су тапшылығы бар тартқан Тайсойған ауылына қарай бағыт талды.