Бүгінде демалыс орнына автобус билеттері сатылып жатыр
Биыл маусымнан бастап қазақстандықтар Алакөлге демалуға пойыз және автобуспен бара алады, деп хабарлады Altaynews.kz.
1 маусымнан бастап (тақ күндері) Өскемен қаласынан Жалаңашкөл станциясына дейін пойыз қатынайды. 15 маусымда күнделікті қатынайтын автобус қызмет көрсете бастайды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, пойыз билеттері сатылымға әлі шықпаған және оның қанша тұратыны белгісіз.
Дегенмен пойыздың жүру кестесі бекітілген: Өскеменнен сағат 16:10-да шығып, Жалаңашкөл станциясына келесі күні 10:55-те жетеді. Ары қарай қажет демалыс орындарына дейін жолаушылар таксимен жете алады», - деп жазылған хабарламада.
Өскемен автовокзалынан 15 маусым – 20 тамыз аралығында Алакөлге автобус қатынайды. Бүгінде билеттер сатылып жатыр.
Аталған бағыттағы автобус билетінің құны – 7 мың теңге (ересектер үшін) және 3500 теңге (балалар үшін). Автовокзалдан Алакөлге бару және кері қайту билетін бірден алуға болады. Автобус қаладан кешкі сағат 19:30-да шығып, келесі күні таңғы сағат 8-9 шамасында жетеді, - деп жазылған хабарламада.