Олар тәртіпсіздікке қатысушыларды желі арқылы үйлестірген
Қазақстанның тергеу органдары қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды әлеуметтік желілер арқылы үйлестірген азаматтарды іздестіріп жатыр. Бұл туралы бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алматы қаласында 4 күдікті адам ұсталды. Олар әлеуметтік желілер арқылы арматура кесінділерін дайындау және қиратушылар орналасқан жерге тасымалдау туралы нұқсаулар алып отырған. Қазір олардың үйлестірушілерін анықтау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Күн сайын қылмыстық қуладау органдары болған оқиғалардың, соның ішінде адамдардың қаза болуына байланысты мән-жайларды қалпына келтіріп жатыр, - деді Қилымжанов ОКҚ брифингінде.
Айта кетейік, бұған дейін бас прокуратура өкілі Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы тәртіпсіздікті қаржыландырған екі азамат анықталғанын мәлімдеді. Олар Талдықорғандағы қиратуларға, азаматтардың мүліктерін жоюға және мемлекеттік нысандары басып алуға қатысқандарды қаржыландырған.
«Әрбір қиратушыға қатысқаны үшін 20-дан 100 долларға дейін төленген. Бұл фактілер тергеу барысында анықталды. Және жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін күдікті деп танылған адамдардың жауабымен расталады», - деді ол.
Бұған қоса тергеу органдары телеграм-канал арқылы баррикадалар құру, Молотов коктейльдерін дайындау және құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіру үшін толық нұсқаулық таратқан Жамбыл облысының азаматын анықтады. Қазір тергеу жүріп жатыр.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері көз жұмып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.