Астанада өз жағдайын теріс пайдаланған ірі монополиске 1 млрд теңге айыппұл салынды
Сондай-ақ 600 млн-ға жуық теңге көлемінде заңсыз алынған монополиялық табыс тәркіленді
Астанада өз жағдайын теріс пайдаланған монополистке 1 млрд теңге айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас көлік прокуратурасы қылмыстық қудалау органдарымен және бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасай отырып, нарық субъектілерінің өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізеді.
Осындай бірлескен іс-шаралардың бірінде «Қазақстан – отын-энергетикалық кешен» Сауда үйі» ЖШС анықталды. Ол темір жол шекараларында сұйық жүктерді қабылдау, сақтау және босату бойынша қызметтер көрсетуге монополиялық артықшылықты пайдаланып, 2 жыл ішінде негізсіз «үстеме пайда» алған.
2023 жылдың 15 наурызында ӘҚБтК-нің 159-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни нарық субъектісінің монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру арқылы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланғаны үшін ірі кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Жиналған материал 20 сәуірде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Оның нәтижелері бойынша монополист әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот оны 1 094 593 950 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді және заңсыз алынған 579 826 102 теңге монополиялық табысты тәркіледі.
Сот актісі заңды күшіне енді.