×

Қарағандыда Әлихан Бөкейхан ескерткіші бір жылдан бері не себепті орнатылмады – әкім жауабы

Ермағанбет Бөлекпаев республикалық комиссияның шешімі жоқ екенін айтты

 Айнұр Шошаева 24.05.2023 | 14:05
коллаж: Halyq Uni

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалада Әлихан Бөкейханов пен Ақселеу Сейдімбектің ескерткіші не себепті орнатылмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq uni

Еске сала кетейік, былтыр Қарағанды қаласының әкімі лауазымында болған Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындармен кездесуде жыл соңына дейін қалада екі жаңа ескерткіш орнатылатынын айтқан.

Қазір тиісті құжаттарды облыс әкімдігі арқылы министірлікке рұқсат алу үшін хат жолдадық. Рұқсат бергеннен кейін ескерткіш жобасы бойынша республикалық конкурс жариялаймыз. Конкурс нәтижесі бойынша ескерткіш орнатуға қажетті қаржыға бюджетке тапсырыс береміз, - деді ол.

Алайда содан бері бір жыл өтсе де, екі ескерткіш орнатылған жоқ. Оның себебін Бөлекпаев республикалық комиссияның шешімі болауымен байланыстырды.

«Біз бүкіл тиісті құжаттардың барлығын орталыққа комиссияға жібердік. Бәрі заңды түрде. Қазір соның шешімін күтеміз. Сол шешім шыққан соң барып, тиісті жұмысты істейтін боламыз. Заң бойынша шешім керек. Орындарын дайындап қойдық», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Ақселеу Сейдімбектің Ұлытау облысының Жаңарқа ауданындағы ескерткіші қызу талқыланған болатын. Тас мүсіннің сәтсіз шыққанын айтқандар көп болды. Осыған байланысты бүгін ескерткіш бұзылған еді. 

«Бүгін Жаңаарқа ауданында ел азаматы Ақселеу Сейдімбекке арналған ескерткіш ашылды. Өкінішке қарай, әрине, көркемдік орындалуы сын көтермейді. Осыған байланысты, аздаған түсінік беру орынды болар. Біріншіден, ескерткіш не облыстық, не республикалық комиссияның қарауынан өткен жоқ! Яғни, бір де бір құзырлы мемлекеттік орган оны мақұлдаған жоқ. Дегенмен, эскизі ауызша түрде аудан әкімімен келісілген болатын. Екіншіден, ескерткішті жасап, орнатуға бюджеттен бір теңге де жұмсалмаған. Толығымын демеушілердің қаржысына істелген. Үшіншіден, және, ең бастысы, ескерткішті жасауға тапсырысты Ақселеу ақсақалдың туған-туыстары жасады»,- деп жазды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Ақселеу Сланұлы Сейдімбек 1942 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы  Атасу ауылында дүниеге келген. Жазушы, әдебиетші, ғалым, филология ғылымдарының докторы (1998), профессор (2003).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама