Бүгінде көптеген тұрғын баспаналы болуды армандайды
Қазақстанда көпбалалы отбасылар үшін бастапқы жарнасыз баспана алудың баламалы тетігін қарастыру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
Депутаттың айутынша, еліміздегі кез келген отбасы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – баспаналы болу. Себебі, үй сатып алу – көп қазақстандықтың қол жеткізе алмай отырған арманы.
«Қазақстан Халық партиясының фракциясы сіздің назарыңызды көпбалалы аналарды, толық емес отбасыларда бала тәрбиелеп отырған аналарды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдауға бағытталған әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына аударады.
Бүгінде Қазақстанда жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған 636,6 мың адам бар. Оның 415,7 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады. Олардың ішінде І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, қарт зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар бар.
Депутаттық сауал жолдауымыздың себебі халықтың әлеуметтік осал топтарының 3 санатындағы отбасыларға: көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға байланысты проблемалар себеп болды, - деді Гауһар Танашева Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың пікірінше, елімізде мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар бар. Алайда бұл бағдарламаларды іске асыруда шешілмеген мәселе көп.
Ресми статистикаға сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша (2019-2022 жылдары) 14 938 несие, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша (2020-2022 жылдары) 19 394 несие берілген. Қазақстандағы халық санының қарқынды өсуін есепке алсақ, несиелеу көрсеткіші өте төмен, – деді депутат.
2023 жылға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 3176 өтінішке, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 3610 өтінішке 71,9 млрд теңге бөлінген. Бұл баспана кезегінде тұрған 415 700 адамның биыл тек 6 786 өтініші мақұлданады деген сөз. Бұл баспанаға мұқтаждардың жалпы санының 1,6% ғана.
Оның пікірінше, халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарау керек: