«Тілім күрмеліп жатыр»: Арыстанбек Мұхамедиұлы психологтың көмегіне мұқтаж екенін айтты
Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министріне қатысты сот процесі жалғасып жатыр
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта қамауға алынғаннан кейін тергеушілердің бірден жауап алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Мені (2022 жылдың) 26 мамырда қамады. Тергеуші менен бірінші рет 15 шілдеде жауап алды. 46-47 күн өткеннен кейін... Менен жауап алуын өзім сұрадым. 45 күн бойы қамауда отырдым, қандай айып тағылғанын білмедім. Ешқандай тергеу әрекеті жүргізілмеді. Өзім тергеушіге жауап алыңыз деп жаздым. (...)
Тергеушіге көрменің қалай өткені туралы барлық құжатты бердім. Өкінішке қарай тергеуші Тәжібаев ол құжаттарды тіркемеді, құжаттар жоғалып кетті. Сол құжаттарды таба алмай жатырмыз. Бұл – өте маңызды құжат. Мақсатты түрде оларды жоқ қылып жіберді деп ойлаймын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта.
Сондай-ақ экс-министр өзіне психологтың көмегі қажет екенін айтты.
(...) 111 млн теңге тергеу қысымынан кейін өтелді. Мені қорқытып, бопсалау болды. Ақшаны өтемесем, менің әйелім мен әйелімнің 85 жастағы анасын қамаймыз деп қорқытты. Сондай-ақ маған психологтың көмегі қажет. Қамауда отырғаныма жақында тұп-тура бір жыл болады. Тілім күрмеліп жатыр, - деді Мұхамедиұлы.
Істі қарап жатқан судья психологтың көмегін алу үшін медицина мекемесіне жүгіну қажет екенін айтты.
Айта кетейік, Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.
2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.
Прокурор Еркеғали Зәкіровтың айтуынша, қылмыстық топ құрамында Мұхамедиұлы Үндістандағы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырған.