Қарағанды облысында банк қызметкері алаяққа тұтынушылардың жеке деректерін берген

Динара Амантай

Алаяқтардан тұрғындарға келтірілген шығын – 1 миллиард 16 миллион 179 мың теңге

Фото: Halyq Uni

Қарағанды облысында жыл басынан бері алаяқтыққа қатысты 677 дерек тіркелген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Интернет-алаяқтық қылмысының күн санап өсуіне байланысты Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин тұрғындарға үндеу жариялады. Интернет алаяқтық фактілері бойынша ескертулер мен алдын алу жұмыстарына қарамастан, облыс тұрғындары тарапынан алаяқтардың алдауына түсіп жатқан азаматтардың саны күн санап өсіп келеді.

Сіздерге тағы да үндеу жасауға мәжбүр болып отырмын. Жыл басынан бастап аумақтық ішкі істер органдарында алаяқтардың арбауына түсу фактісі бойынша 677 қылмыстық іс тіркелді. Алаяқтардан тұрғындарға келтірілген шығын – 1 миллиард 16 миллион 179 мың теңге. Жыл басынан бастап, полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында ақпараттық жүйе арқылы бірнеше эпизод қылмыс жасаған 12 адам ұсталды, – деді Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Оның айтуынша, алаяқтық фактісінің ең көп таралған түрінің бірі – өздерін «банк қызметкеріміз» деп телефон шалу. Ондай жолмен алаяқтық жасаудың 212 дерегі тіркелді. Оның ішінде Kaspi Bank – 52, Ұлттық банк – 49, Eurasian Bank – 35, Халық Банк – 25, ForteBank – 19, Центр Кредит Банкі – 10, Homebank – 4, Қазақстан Банктер Ассоциациясы – 3, Jusan Bank бойынша 1 дерек тіркелген. Жалған банк қызметкерлері тарапынан тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 400 млн теңге болды.

Кейбір жағдайларда бұндай қылмыстарға қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатыстылығы анықталып жатады. Мәселен, 17 мамырда полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 40 жастағы банк қызметкері ұсталды. Ол өзінің қызметін пайдаланып, 33 жастағы танысына 66 жастағы зейнеткердің жеке деректерін беріп, күдікті зейнеткерге 930 мың теңге шығын келтірген. Қазір күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, – деді Әбіл Әбілдин.

Алаяқтық фактілерінің алдын алу мақсатында 22 мамырдан бастап Қарағанды облысы аумағында «Тоқта, алаяқ!» атты кең көлемді акция өткізіледі.

Құрметті жерлестер! Егер банк қызметкері қоңырау шалса, ол сіздерде бірден күмән тудыруы қажет. Телефон тұтқасын қойып, бірден жедел желіге немесе «102» арнасына қоңырау шалыңыз, – деді Әбіл Әбілдин.