×

Прокурор бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Марқұмдардың туыстары да Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр

 Ербол Тұрымбет 19.04.2022 | 10:48
Игорь Дужнов, фото: ашық дереккөзден

2021 жылы 20 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және үйдің жаңа иесі мен оның өкіліне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Салдарынан екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты.

Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта бес адамның өмірін қиған Игорь Дужновқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

Бүгін сот отырысында мемлекеттік айыптаушы бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновты өмір бойынша бас бостандығынан айыруды және жазасын өтеу үшін «Қара Бүркіт» колониясына жіберуді сұрады. «Ақбұлақ» трагедиясында қаза тапқан марқұмдардың туыстары да Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айырумен қатар, жазасын өтеу кезінде туыстарымен кездесуден айыруды сұрады.

Бұған дейін сот отырысында жауап алынған Игорь Дужнов бес адамды қасақана өлтіру бойынша кінәсін мойындамайтынын, өзін-өзі қорғау шеңберінде әрекет еткенін, отбасын заңсыз кіріп кеткен адамдардан қорғауға тырысқанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама