Қостанайда мүгедектігі бар қызға тегін жұмыс істеткен шенеуніктер сотталды
Оларға адам саудасы – адамды қанау фактісі бойынша айып тағылған
Қостанай қаласының №2 сотында «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің бөлім басшысы мен «Пешковский арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ҚМУ директорына, сондай-ақ «Забота» пансионатының басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оларға адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен адамды ұрлаумен байланысты емес, бас бостандығынан заңсыз айыру, адам саудасы – адамды қанау фактісі бойынша айып тағылған.
Сотта анықталғандай, 2021 жылдың 8 желтоқсанынан бастап 2022 жылдың 4 мамырына дейін сотталушы азаматтар жәбірленушінің ақыл-есінің кемістігін пайдаланып, оны тегін жұмыс күші ретінде жұмысқа салу мақсатында Қостанай облысы Федоров ауданы, Пешковка ауылында орналасқан «Пешковский арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінен Астанада орналасқан «Забота» пансионатына апарып пайдаланған.
Сонымен қатар, 2022 жылдың наурыз айында бөлім басшысы өзінің қызмет бабын пайдаланып, қызметтік өкілеттіктерін асыра отырып, «Лисаковский атындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің директорынан ересектерге арналған 60 жөргек беруді талап еткен, осы арқылы ол соңғысына 36 240 теңге зиян келтірген.
Сот сотталушылардың жеке басын, істің мән-жайын, жасалған қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің негізінде сот үкімімен әкімдікке қарасты бөлім басшысын 8 жылға, ал«Пешковский арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» директорын 6 жыл 7 айға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып соттады. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтейді.
«Забота» пансионатының басшысына 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.
Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза оған ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес міндеттер жүктеле отырып, жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау орнатумен шартты деп танылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.