Halyq Uni логотип
×

«Бетіңізді неге тыржитасыз?»: Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты судьяға шүйлікті

Істі судья Бағлан Ыдырысов қарап жатыр

 Айгерім Таубай 23.05.2023 | 12:57
«Бетіңізді неге тыржитасыз?»: Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты судьяға шүйлікті
Фото: Halyq Uni

Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 23 мамырда өткен сот отырысында айыпталушының адвокаты Әйгерім Әнуарбек сот отырысына сотқа дейінгі тергеуді жүргізген органның мамандары онлайн түрде қатысып отырған болуы мүмкін екенін айтты. Соған байланысты соттан сот процесіне онлайн қатысып отырған азаматтарды тексеруді сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

ZOOM арқылы сот процесіне қосылғандардың арасында аты-жөні көрсетілмеген адамдар бар екенін көріп отырмыз. Бір айдан аса уақыттан бері сот процесі өтіп жатыр. Сот залында да белгісіз адамдардың отырғанын көреміз. Сот бізге кімнің қатысып отырғанын айтпайды. Кімнің кім екені белгісіз. БАҚ өкілдерімен қатар сыбайлас жемқорылққа қарсы іс-қимыл агенттігінің адамдары отырған шығар... Сол себепті судьядан сот процесіне қатысып жатқан адамдарды тексеруді сұраймыз, - деді Әйгерім Әнуарбек.

Айтуынша, судья сот процесі кезінде тәртіпті толық қамтамасыз етпей отыр.

«(...) Қылмыстық істі қарау бойынша соттың объективтілігіне, бейтараптығына күмән пайда болып жатыр. Соған байланысты соттан сот процесі кезінде тәртіпті толық қамтамасыз етуді талап етеміз. Себебі Мұхамедиұлы мен оның қорғаушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және қылмыстық іс процесіне қатысушылар тарапынан буллинг жасалып жатыр. Яғни, қазір бізге қысым көрсетіліп жатыр. Мұхамедиұлы мен оның отбасына қысым жасалып жатыр», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты.

Істі қарап жатқан Байқоңыр ауданы сотының судьясы Бағлан Ыдырысов «нақты қандай тәртіп сақталмай отыр?» деп нақтылаушы сұрақ қойды.

«Сотқа қатысып отырған адамдардың кім екені белгісіз. Арасында Антикордың тергеушілері бар болуы да мүмкін. (...) Құрметті сот, егер сіз кеше Райымқұловадан (экс-министр) жауап алу кезінде де объективті болғаныңызда, мұндай шағым айтылмайтын еді. Сол себепті сотқа онлайн қосылып отырған адамдардың кім екенін нақтылауды немесе оларды сот процесіне қатыстырмауды сұраймын. Ал БАҚ өкілдері аты-жөні мен қай редакцияда жұмыс істейтінін, ал туыстары аты-жөнін толық көрсетсін. (...) Сондай-ақ прокурор адвокат сотқа өтініш айтқан кезде күліп отыр. Соған да назар аударуды сұраймын. Сот оны байқамайды және ескерту жасамайды. Бұл – сотқа және сот процесіне қатысушыларды құрметтемеу», - деп жауап берді адвокат Әнуарбек.

Прокурор мұны «бассыздық» деп атады.

Судья Бағлан Ыдырысов сот процесі барысында ескерту жасап, сотқа қатысушылардың жеке басына өтпеуді сұрады.

Сот процесс басталған кезде БАҚ өкілдерінің сотқа қатысатыны туралы хабар берді. Оның ішінде Мұхамедиұлы мен оның адвокаттары журналистердің сотқа қатысуына келісім берді, - деді судья Бағлан Ыдырысов.

Ал адвокат Әйгерім Әнуарбек өзінің фотосын рұқсатсыз жариялауға рұқсат бермегенін айтып, судьяға шүйлікті.

«Судья Ыдырысов менімен сөйлескен кезде үнемі бет-әлпетін өзгертіп, наразы көзқараспен қарайды. Ол маған ұнамайды. Неге маған бетіңізді тыржитасыз?», - деді адвокат Әнуарбек.

Мұндай жағдайда сот не істеуі керек? Неге сотпен олай сөйлесесіз? Сіз сотқа құрмет көрсетпей отырсыз. Кәсіби адвокат ретінде олай сөйлемеуіңіз керек. Сот сізге қарап күлуі керек пе?, - деді судья.

Судья Бағлан Ыдырысов адвокат Әйгерім Әнуарбектің үнемі сот процесі тәртібін бұзатынын айтып өтті. Сондай-ақ сотқа құрмет көрсетпегенін айтып, сот адвокатқа қатысты жеке қаулы шығару мәселесі қаралатынын айтты.

Адвокат Әнуарбек сотқа құрметтемей отыр. Сот Әділет министрінің атына жеке қаулы енгізуді қарайды. Бұл қорқыту емес, ескерту. Сотқа түрің ұнамайды деп қалай айтасыз?, - деді судья Ыдырысов.

Айта кетейік, Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 

Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.

2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.

Прокурор Еркеғали Зәкіровтың айтуынша, қылмыстық топ құрамында Мұхамедиұлы Үндістандағы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама