Шымкентте итті көлікке байлап сүйреген ер адам анықталды (ВИДЕО)
Айтуынша, автокөліктің салонында орын болмаған
Шымкентте итті көлікке байлап сүйреген ер адам анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Шымкенттік полицейлер әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында белгісіз адамның қала көшелерінің бірінде Opel Astra автокөлігіне байланған итті сүйреп бара жатқан бейнежазбаға назар аударған. ҚПД Жедел басқару орталығының инспекторлары «Қорғау» қосымшасының көмегімен көліктің қозғалған орны мен жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты.
Деректер Әл-Фараби аудандық ПБ-ға жолданды. Ер адамның айтуынша, ол үйінен көшіп жатқан. Автокөліктің салонында итке орын болмағандықтан, оны көлікке байлауды ұйғарған.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіледі.
Ер адамға профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.