Павлодарда 500-ден астам саяжай үйі өртенді: адам шығыны бар

Данияр Айтпайұлы

Мамандар өрттің шығуына саяжай иелерінің өздерін кінәлайды

фото: Halyq Uni

Павлодар іргесінде орналасқан «Восточный», «Надежда» және «Северный» саяжайлары өртке оранды.

«Келтірілген залал көп. Тек бір күннің ішінде «Надежда» және «Восточный» саяжайының 13 көшесін тілсіз жау жалмап, 327 учаске және ондағы үйлер жанып кетті. Өрт сөндірушілердің жұмысына жел кедергі болды», – дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Сондай-ақ, департамент басшылығы саяжай қауымдастығының төрағалары өрттің алдын алу шараларын уақытылы, әрі тиісті деңгейде жүзеге асырмағанын атап өтті. Су құйылған бөшкелер жоқ. Құрғақ шөп жиналмаған.

Мамандар өрттің шығуына саяжай иелерінің өздері кінәлі екенін айтады. Мысалы, «Надежда» саяжайында ер азамат қоқыс өртеп, ие бола алмай қалған. Салдарынан, тілсіз жау саяжайдың жартысын жалмап кетті

Жалпы 180 гектар саяжай алқабы мен 478 саяжай үйі отқа оранған. Өкінішке қарай, саяжайлардың бірінен зейнеткердің мәйіті табылды.