Аты – Күнгей, заты – көлеңке: Қарағанды іргесінде 7 жылдан бері жарық жоқ
Қала әкімдігі жыл сайын құрғақ уәде беріп келеді
Қарағанды қаласындағы Күнгей-3 шағынауданының тұрғындары 2017 жылдан бері жарықсыз отыр. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.
Тұрғындар жарық мәселесін әкімдікке талай рет айтқан. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Қаланың іргесінде тұрып, жарық жоқ. Үтік, теледидар пайдалана алмаймыз. Жазда бізге тоңазытқыш өте қажет. Әкімдікке өзіміз де, көрші-көлем жиналып та та жаздық. Жыл сайын уәде береді, - дейді Әлия Хәлелова атты тұрғын.
Бұл ретте 2016 жылы заң талабы басқа болып, 30-ға жуық отбасы заманауи инфрақұрылым тартылмаған жерлерге үй салған. Тұрғындардың талабынан кейін осыдан 3 жыл бұрын шағын ауданға тоқ тарту жұмыстары басталып, кейін онысы аяқсыз қалған.
Қаражатқа байланысты шектелдік. Қазір біз қала басшылығына сәйкесінше қаражатты ұлғайту бойынша өтінім береміз. Егер мәселе оң шешілсе, онда Күнгей-3 міндетті түрде қарастырылады. Ал қазір мен жыл соңына дейін жарықтандыру болады деп айта алмаймын, - деді қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев.
Телеарна мәліметінше, биыл қала көшелерін жарықтандыруға бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген. Бірақ аты Күнгей, заты көлеңке болып қалған аудан бұл тізімге де енбеген.