Алматы көшесінде ер адам әйелді ұрып құлатты (ВИДЕО)
Сот-медициналық сараптама тағайындалды
Әлеуметтік желіге Алматыда ер адамның жұрт көзінше әйелді ұрып, шалқасынан құлатқан видеосы тарады.
Бұл оқиғаның қаладағы Абай және Саин даңғылдарының қиылысындағы жеміс-жидек лашығы маңында болғаны анықталды. Жәбірленуші полицияға арызданған.
Әйел шағымында өзін 1992 жылы туған бейтаныс адамның себепсіз ұрғанын көрсеткен.
Бұл жайт Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша сотқа дейінгі тіргеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жәбірленушінің алған дене жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды, – делінген қалалық ПД хабарламасында.
Қазір тергеу жұмыстарын Әуезов аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.