Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында алименттен жалтарған әке ата-ана құқығынан айырылды

Ол өз ұлын оқытуға, тәрбиелеуге және асырауға араласпаған

 Динара Амантай 22.05.2023 | 11:46
Павлодар облысында алименттен жалтарған әке ата-ана құқығынан айырылды
Фото: depositphotos

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен ата-ана құқығынан айыру туралы талап бойынша іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Іс бойынша талапкер мен жауапкердің 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың ата-анасы екені анықталды.

Павлодар қалалық сотының 2010 жылғы 3 ақпандағы ұйғарымымен баланың әкесінен анасының пайдасына үкім шыққан күннен бастап, бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оны күтіп-бағуға жалақысынан және (немесе) өзге де кірістің төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндірілді.

Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының заңды күшіне енген 2020 жылғы 30 қарашадағы шешімімен әкесі анасының талабы бойынша, кәмелетке толмаған ұлына қатысты ата-аналық құқығынан шектелген. Сонымен бірге, сотпен ер адам «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 79-бабының 2-тармағына сәйкес, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда ата-ана құқығынан айырылатыны туралы ескертілген.

Қылмыстық іс бойынша аудандық соттың үкімімен ер адам ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген «Алаяқтық» қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Баланың анасы ер адам әке ретінде ата-аналық міндеттерін орындамайтынын алға тартып, 2008 жылы туған ұлына қатысты ата-аналық құқықтарынан айыру туралы талабымен сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қанағаттандырылып, ер адам ата-ана құқығынан айырылып, бала анасының тәрбиесіне берілді.

Апелляциялық шағымда баланың әкесі шешімнің күшін жойып, ата-ана құқығын қалпына келтіруді сұраған. Алайда ер адам ата-ана құқықтары шектелген кезден бастап жағдайды түзету үшін белгіленген 6 айлық мерзім туралы анық біле тұра, ұлын асырауға материалдық және қаржылай көмек көрсетпеген. Сондай-ақ оның қоғамға жат мінез-құлқы туралы мәліметтер бар.

Бұл мән-жайлар жауапкердің өз ұлын оқытуға, тәрбиелеуге және асырауға қатысудан жалтарғанын куәландырады.

Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама