Halyq Uni логотип
×

Атырау іргесіндегі ауыл тұрғындары әкімнің отставкасын талап етті

Тұрғындар осыдан төрт жыл бұрын сайланған әкімнің қайта сайлауға түскеніне қарсы

 Айнұр Асылбекқызы 18.04.2022 | 18:20
Атырау іргесіндегі ауыл тұрғындары әкімнің отставкасын талап етті
фотолар: Halyq Uni

17 сәуір күні Тасқала (Алғабас) ауылының 50-ден астам тұрғыны ауыл әкімінің қызметін босатуын талап етіп, наразылық жиынын өткізді. Олар әкімнің қайта сайлануына түбегейлі қарсы болып отыр. Себебі, осыдан төрт жыл бұрын ауыл әкімі болып сайланғалы елді мекенді көркейткені шамалы екен.

24 сәуірде Кеңөзек ауылдық округінің әкімін сайлау өтеді. Кеңөзек ауылдық округінің құрамына осы Тасқала-1 (Алғабас ауылы), Тасқала-2 (Өрлеу тұрғын үй алабы), Тасқала-3 (Қайнар тұрғын үй алабы) елдімекендері кіреді. Округтің қазіргі әкімі Ернар Өтешқалиев екі үміткермен бірге сайлауға қайта түскелі отыр. Тұрғындар Өтешқалиевтің ауылдың басты проблемаларын шешуге қауқарсыз әрі құлықсыз екенін айтады. Себебі, басқасын айтпағанда Тасқала-1, Тасқала-2, Тасқала-3 ауылдарын қосып тұрған орталық көпірдің мәселесін шеше алмай отырған әкімнен күдер үзген.

Тұрғындар соңғы екі-үш жылдан бері ауылдың іргесінде карьер қазу жұмыстарымен айналысқан «Элитстрой» ЖШС-ға тиесілі ауыр техникалардың Тасқаладан Атырауға осы көпір арқылы топырақ тасып, әбден бүлдіргенін айтады.

Жергілікті тұрғын Абай Уәлидің айтуынша, қазір орталық көпірмен жүру өте қауіпті. Ондаған жылдар бұрын салынған көпір бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Көпірдің екі шетінде жаяу жүргіншілер жолының жігі ажырап, кей жерінде асфальт опырылып, тесіліп жатыр. Көлік жолы да ой-шұңқырға толған.

Бір жыл бұрын тұрғындар карьер қазушы мекемеге қарсы митингіге шығып, жұмысын уақытша тоқтатқан. Ал, көпірді ешкім сол күйі жөндемеген. Көпірдің үстімен қалаға №51, 65 маршруттар қатынайды. Тасқала-1 ауылының тұрғындары осы көпірмен көлікпен де, жаяу да күніне бірнеше рет өтеді. Балалар да мектепке осы көпірмен жаяу барады. Олар қазір көпірдің үстімен көлік жолы арқылы өтуге мәжбүр. Себебі, жаяу жүргіншілер жолы жабық.

Тағы бір тұрғын Елеу Жұмабаев журналистерді шақырып, митингіге жиналамыз дегенде барып қана әкімдіктің «жол жүру қауіпті» деген тақтайшаны ілгенін айтады. Оған дейін жолдың опырылған жерлеріне ағаш бұтақтармен жаба салған. Митинг болар алдында оны алып тастаған.

«Мына көпірді қайта салу керек. Бұл күрделі жөндеуге де келмейді. Себебі көпірдің үсті ғана емес, астында да күй жоқ. Оның тіреуін қараңыз, ол да үгітіліп, бетон тастары ығысып тұр. Көпірді жөндемек түгілі, оның астын да, каналдың бойын да қоқыстан тазалап көрген емес. Оны қайта тұрғындар өздері ұйымдасып, жиналып, өз күшімен тазалап жүр. Ал, анау опырылған жаяу жүргіншілер жолына біздің жігіттер өздері темір жабынды салып, шама-щарқынша бітеп, жамап-жасқап жүр. Ауылдың шын жанашырлары осылай істейді. Ал ауылға бөлініп жатқан бюджет қаржысы қайда жұмсалып жатыр сонда? Сонда әкім не істеп жатыр? Ол қайда? Әкімдік не үшін керек бізге сонда?», – дейді Абай Уәли мен Елеу Жұмабаев.  

Ауылдың қарты Марат Әзмағамбетов те ауыл әкімінің жұмысынан түк нәтиже көрмей отырғанын және қандай да бір жиынға шақырылмайтынын растады.

«Ауылда жақында қарттар алқасының төрағасын сайлаған. Бізге ешқандай хабар берген жоқ. Әкімнің өзі отырғыза бере ме, қалай сайлайды сонда? Не болса да, әкімінің халықпен қарым-қатынасы болуы керек. Оны ауыл халқының көбі танымайды. Сондықтан, біз ауылдан сайланса екен дейміз әкімді. Біздің ішкен суымызды ішіп, жұтқан ауамызды жұтып, жергілікті проблеманы бірге көріп отыратын ауыл әкімі керек. Ауыл әкімі үміткерлігіне тағы екі адам түсіп жатыр. Мұқашев пен Қамалиденов. Біз оларды танымаймыз, олар қала әкімдігінде жұмыс істейтіндер. Бұл да формальды - баламалы үміткерлер деген сөз. Ол кісілер келсе де біз қабылдамаймыз. Бұрын Қамидолла деген әкім болды, жарықтық өмірден өтіп кетті. Соның біздің ауылға жасаған еңбегі зор. Сеебі, осы ауылда тұрды, барлық проблеманы білетін. Ал мына әкім мен сияқты қарттарды танымайды. Мысалы, біз кім болдық, ауылға қандай еңбегіміз сіңді, білмейді», - дейді ауылдың қарты.

Жиналғандардың көпшілігі әкімінің түрін де, атын да білмейтін болып шықты. Ал, танитындар оның қаладан таңғы сағат 9-да кетіп, кешкі сағат 18-де кететін «манекенге» теңеп отыр.

«Бізге түк бітірмейтін әкімнің керегі жоқ, жұмыс істейтін әкім керек. Сөзі қала әкіміне өтетін, облыс әкіміне дейін біздің мәселелерімізді жеткізіп бере алатын әкім керек. Қысқасы, бізді еститін, бізбен кездесуден қашпайтын, мәселелерімізді шешіп беретін әкім керек», - деп талап етті тұрғындар. 

Осы кезде өзін «қандастардың бірімін» деп таныстырған ұлттық киімдегі әжей ауыл әкімінің өздерімен кездесіп тұратынын, жиналысқа шақыратынын айтты. Алайда, басқа тұрғындар оның сөзіне шулап қоя берді. Олар бұл кісінің Тасқала-2 ауылынан келіп тұрғанын және әкімдік сол ауылда орналасқандықтан, сол жақтың тұрғындарына ғана жиналыс туралы хабарлайтынын, ал Тасқала-1 ауылымен байланысы жоқтығын жеткізді.

Тұрғындар ауыл әкімі болуға үміткер ретінде өз арасынан лайықты деген екі адамды ұсынған. Дегенмен, Кеңөзек ауылдық округі әкімдігіндегілер олардың құжат тапсыруда кешігіп қалғанын айтқан.

Біз сайлаудың 24 сәуір күні болатынын кеш білдік. Әйтпесе, ауыл әкімі болуға лайықты азаматтар өзімізде де бар, - дейді Абай Уәли.

Амандық Жамалиев есімді ауыл тұрғын тағы бір өзекті проблеманы айтты. Бұл – су мәселесі. Оның айтуынша, олар былтыр 1984 жылғы мектеп түлектерімен брігіп, орталық көпірге жақын жерден «Түлектер» саябағын салып, тал отырғызып, айналасын қоршаған. Осыдан соң ауыл әкімінен орталық көпірдің астында ағып жатқан каналдан жазғы су құбырын тартып беруді сұраған. Алайда, әлі күнге дейін бұл жұмыс қолға алынбай отыр екен.

«Талдарды суару проблема бізде. Былтыр біз талдарды өз қаржымызға - екі КамАЗ жалдап суардық. Енді биыл тағы әкімнен жазғы су құбырын тартып беруді сұрасам, істемей отыр. Сондағы көпір мен саябаққа дейінгі аралық ұзақ емес, жақын», - дейді Жамалиев.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Қуаныш Якудин мектеп және өзге де мәселелерді көтерді.

«Ауылдағы 420 орындық мектепте 1500 оқушы төрт ауысыммен оқиды. Осының өзі тағы бір мектептің қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, бізде пошта бөлімшесі жоқ. Ауылдың үлкендері зейнетақысын алу үшін көрші - Жаңаталап ауылына барады. Жастар баратын «Мәдениет үйі» жоқ. Осындай мәселелер жиналып қалған. Соның бәрі шешімін табу керек», - дейді Якудин.   

Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев қазір еңбек демалысында екен. Тұрғындармен кездесуге оның орынбасары, қазір әкімнің міндетін ақарушы Үміт Есенғалиева келді. Ол қазіргі әкімнің өз құзырындағы жұмыстарды атқарып жатқанын айтты.

«Аталған мәселелер қаржының бөлінуіне байланысты бір күнде емес, бір айда емес, біртіндеп шешіледі. Әкім әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге, құрылыс орнын белгілеуге үлесін қосты. Әкім есеп бермейді дегенге келсе, ол ақпан айында есеп беру жиынын өткізді. Бұл туралы алдын ала әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру бердік. Бірақ, жиналатын 50 шақты адам ғана. Халықтың қазір неге жиналғанын түсінбедім. Біреу ұйымдастырып отыр ма, білмеймін, ол жағын айта алмаймын. Бірақ, айтып отырмын ғой, мен өзім жастармен үш рет кезесіп, қандай мәселенің жүзеге асатыны туралы ақпарат бердім», - дейді Есенғалиева.

Ал, көпірдің мәселесі сауалымызға былай деп жауап берді:

- Көпір бұрын ешбір мекеменің теңгерімінде болмаған. Оның салынғанына 40 жыл уақыт өткен. Біз 2020 жылы оны иесіз мүлік деп тану жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына хат жолдадық. Қолданыстағы заңға сәйкес, ол бір жыл тұруы керек екен. 2021 жылдың қарашасында бір жыл өтіп, иесіз мүлік ретінде тану жөнінде сотқа талап-арыз бердік. Соттың шешімімен иесіз мүлік деп танылды. Сосын қала әкімінің қаулысы шығып, бұл көпір биыл қаңтарда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне берілді. Қала әкімі Мейірім Жоламанұлы өз көзімен көріп, биыл күрделі жөндеуден өткізуге уәде берді.   

- Яғни, қазір көпірді қайта салу емес, жөндеу мәселесі қаралып жатыр?.

- Дәл солай.

Бұдан соң ол Кеңөзек ауылдық округінде шешілген мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, округке қарасты барлық елдімекендер ауыз сумен, автомобиль жолдарымен және газбен, жарықпен толық қамтылған. 2019 жылы Тасқала-3 елдімекенінің қалған 17 көшесін асфальттау (көлік жолы мен тротур) басталып, 2020 жылы пайдалануға берілді. 2020 жылы 11 көшеге көше жарығы жүргізілді. Биыл 6 көшеге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы көше жарығы жүргізілгелі отыр. Қалған көшелер 2023 жылдың жоспарында тұр.

«Бұдан басқа, Тасқала-2 ауылынан (Өрлеу тұрғын үй алабынан) 600 орындық орта мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын тұр. Биыл жартыжылдықта құрылыс жұмыстары басталмақ. 160 орындық балабақшаның құрылысы да Өрлеу тұрғын үй алабынан (Тасқала-2 ауылы) салынады. Оның да жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын тұр. Ол NCOC компаниясының қолдауымен биыл басталады. Сонымен қатар, биыл 11 көшеге тротуар салынады. Бұған дейін ауылда жолаушылар тасымалы мәселесі өзекті болды. Бұрын тек екі-ақ ГАЗель қатынап, халықты қамти алмады. 2019 жылдан бастап 51 маршрутқа 9 ГАЗель қосылып, Тасқала-Дина базары маршруты жүре бастады. Ал 2020 жылы тағы да сол Тасқала-Дина базары бағытындағы №65 маршрут іске қосылды. Қазір осы нөмірлі 6 автобус жүріп жатыр. Жолаушылар тасымалы мәселесі бүгінде шешілген», - дейді Есенғалиева.

- Әкімдік жазғы су мәселесін шешуге неге қауқарсыз?

- Иә, жазғы су мәселесі бізде қазір өзекті. Биыл 2021 жылғы бюджеттен қалған 11 млн теңге бос қалдық қаржысы бар. Сол сомаға жазғы су жүйесіне пайдаланамыз деп отырмыз. Бірақ, қазір тағы бір мәселе шығып отыр. Ауылда бұралқы иттер көбейіп кеткен. Солардың көзін жоюға да осы 11 млн теңгеден қарастырып отырмыз. Жергілікті қоғамдық жиналыста осы қаражатты екі мақсатқа пайдалану мәселесі қолдауын тапты. Алдағы аптада қалалық мәслихат сессиясы болады. Сонда ұсыныс жасаймыз. Біз жазғы су құбырын тартуды ең болмағанда бір көшеден бастауды жоспарлап отырмыз. Ұзақтығы 1 км 700 метр орталық көшені қамтымақпыз. Себебі, ол көшеде мектеп, балабақша, мешіт секілді барлық әлеуметтік нысандарымыз орналасқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама