Halyq Uni логотип
×

Қостанай облысында аса қатыгездікпен кісі өлтірген ер адам сотталды

Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтейді

 Динара Амантай 22.05.2023 | 09:57
Қостанай облысында аса қатыгездікпен кісі өлтірген ер адам сотталды
Фото: depositphotos

Қостанай облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, Ұзынкөл ауылының тұрғыны аса қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін сотталған.

Сотта анықталғандай, 17 ақпаннан 18 ақпанға қараған түні Ұзынкөл ауылындағы жеке үйлердің бірінде ер адам жездесімен бірге ішімдік ішіп, артынша олардың арасында жанжал туындаған. Оның барысында сотталушы жәбірленушіге жұдырықпен, балғамен бетіне, бас және кеуде бөлігіне көптеген соққылар жасаған. Жәбірленуші алған дене жарақаттарынан сол күні Ұзынкөл аудандық ауруханасында қайтыс болған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлер мен сарапшылардың айғақтарымен, сондай-ақ қылмыстық істің материалдарымен, сот сараптамалары және зерттеулердің қорытындылармен дәлелденді.

Сотталушы кінәсін ішінара мойындады.

Сот талқылауы барысында анықталған мән-жайларды ескере отырып, сотталушыға 19 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеу шешімі тағайындалды.

Сонда-ақ сот жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу туралы талап арызын толық көлемде қанағаттандырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама