×

Астана тұрғыны аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталды

Ол қылмыс үстінде құрықталды

 Қымбат Елтайқызы 18.04.2022 | 18:00
фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан сақшылары аса ірі көлемде синтетикалық есірткі жасырмақ болған ер адамды ұстады.

Патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік қызмет атқару барысында Қарағанды тас жолы бойындағы ағаштар арасынан ер адамды байқаған. Күдікті маңайын телефон камерасына түсіріп жүрген. Тәртіп сақшылары оны тоқтатып, орманда қандай мақсатпен жүргенін сұрайды. Зираттан келе жатқанын айтқан ер адам қатты қобалжып тұрған. Тексере келе полицейлер ағаш түбінен мұқият қапталған синтетикалық есірткі тауып алған. Пакетте «Мефедрон» және «Альфа-РVР» синтетикалық есірткі заттары болғаны анықталды. Алынған препараттың жалпы салмағы 1,25 келіден асады, – дейді елорданың полиция департаменті.

Алматы қаласының 27 жастағы тұрғыны бас қалаға синтетикалық заттар жеткізген. Күдікті есірткіні астана аумағында сатпақ болған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. 6 мыңнан астам бір реттік дозаның құны «қара» нарықта 25 млн теңгені құрайды.

«Биылғы жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан аумағында заңсыз айналымнан 30 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Сақшылар синтетикалық есірткінің адам ағзасына тигізетін және тәуелділікке әкелетін зияны туралы ескертеді. Препарат ми мен жұлын функцияларына әсер етеді. Қозғалыс процестерін, есте сақтауды, эмоцияларды қалыптастыруды және ауырсыну сезімталдығын бұзады. Сондай-ақ иммундық және репродуктивті жүйелердің жасушаларына әсер етіп, интеллектіні бұзады», – делінген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама