Ерке мен Раимның қатысуымен өткен концертте 16 бала жоғалып кетті
Онда 40 мыңға жуық адам жиналған
Павлодарда белгілі әншілердің қатысуымен үлкен концерт өтіп, біраз ата-ана балаларын таба алмай қалды, деп жазады Pavlodarnews.kz.
Павлодардың орталық жағалауында қоғамдық тәртіпті полиция күзетті. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, концерт кезінде 16 бала жоғалып кеткен.
Балалардың ата-аналары анықталып, балалар өздеріне табысталды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, жағалауда түнгі сағат 23:00-ден кейін балалардың заңды өкілінсіз жүргені үшін ата-аналарға 11 әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске сала кетсек, Ertis Promenade сахнасындағы маусымның ашылуына 40 мыңға жуық адам жиналған. Концертте эстрада жұлдыздары Ерке Есмахан, Раим, Еркеш Хасен өнер көрсетті.