×

Қазақ баласы АҚШ-та өткен беделді байқауда жүлдегер атанды

Ол мың долларға ие болды

 Дәурен Ерболат 21.05.2023 | 13:17
Фото: NIS баспасөз қызметі

Даллас қаласында өткен ISEF халықаралық байқауында қазақстандық оқушы Сағын Жұмаділдаев екінші орынға ие болды, деп хабарлады NIS баспасөз қызметі.

Сағын Жұмаділдаев Алматыдағы Назарбаев мектебінде (физика-математика бағыты) оқиды. Ол АҚШ-тың Даллас қаласында өткен әлемдегі ең беделді ғылыми жобалар байқауының бірі – International Science and Engineering Fair-да екінші орынға ие болды.

Қазақ баласы математика секциясы бойынша «L-тромино-плиткалары» жобасын таныстырды. Нәтижесінде жас математик жүлделі орынға ие болып, мың доллар (448 395 теңге, 1 доллар – 448, 40 теңге) сыйақы еншіледі.

Былтыр осы олимпиадада «L-тромино» фигурасының көмегімен плиткаларды жанастыру бойынша тапсырма орындадым. Осы тақырыпқа қызығушылық оянды. Сондықтан оны жоба ретінде зерттеуді қолға алдым. Математикада әлі дәлелденбеген теоремалар бар. Оларды шешкім келеді. Келесі жылы да ISEF-ке қатысқым келеді, – деді Сағын Жұмаділдаев.

Сондай-ақ халықаралық байқауға Көкшетаудағы NIS оқушысы Асылхан Қали да қатысты. Ол Aq Zhol жобасын ұсынды. Оның мақсаты – жүргізушінің халі мен мінез-құлқын бақылауға мүмкіндік беретін бейнетіркегіш жасау және көлік апатының  санын азайту.

Қазақстанда жыл сайын 2 мыңға жуық адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады.

NIS ұжымы, ата-аналары мен достары Сағын мен Асылханды Астана әуежайында күтіп алды.

Айта кетейік, International Science and Engineering Fair – 13-18 жас аралығындағы оқушыларға арналған ғылыми жобалардың байқауы. Халықаралық іс-шара жыл сайын өтеді. Оған әлемнің 100 елінен келген 2 мың оқушы қатысып, үздіктерді анықтайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама